Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақтың таусылмайтын жоралғысына "Әруақ тоғыз" деген қосылыпты

Ол "Әруақ тоғыз" дегені құдалардың ағайын-туғандарының үйінен қайтыс болған үлкен кісілерге деп алынады екен. Солардың шаңырағын ұстап отырғандарға беріледі-міс.

Қазақтың таусылмайтын жоралғысына "Әруақ тоғыз" деген қосылыпты
фото: ашық дереккөз

"Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" дегендей, бүгінде сауатсыздықтың салдары салт-жоралғыны да ысырапқа айналдырып жіберген екен. Таяуда ernur.kz сайтына хабарласқан Гүлмира есімді келіншек қайынсіңлілерін ұзатарда енесінің қалай шығындалғанын айтып зар илеген, деп жазды paryz.kz.

"Үш қайынсіңлім қатарынан тұрмысқа шыққанда, шынымды айтсам, жалаңбұт қалуға сәл қалдық. Үйде күйеуім екеуміз ғана жұмыс істейміз. Атам мен енем зейнеткер. Жалғыз ағасы, оның үстіне қарашаңырақ болған соң бәріне көнесің ғой", - деп бастаған ол әңгімесін.

Өкінішке қарай, қайынсіңлілерінің соңынан апаратыны бесік тоймен де таусылмапты. Оны кәдімгі той-томалақ, құдалықтарда жасалатын кәде – тоғыз апару ашуландырған.

"Біздің қазақ та шығармайтынды шығарады. Төртінші қайынсіңлімді ұзатқанда құдалыққа апаратын "тоғыздың" қатарына "Құрдас тоғыз" деген қосылды. Ол – құданың құрдастарына арнап бір-бір киім, әйелдеріне бір-бір орамал апару екен. Менің енем оның "китайскиін" апармайды, "апарған соң кисін, тақсын" деп қымбатын алады. Одан басқа тоғыздарын айтпай-ақ қояйын. "Тәтті тоғыз", "Нан тоғыз", "Мата тоғыз", "Ағайын тоғыз"... Құдай-ау, таусылмайтын тоғыз, әйтеуір! Айтсам күлесіз ғой, енді "Әруақ тоғыз" деген шығыпты. Оны кенже қайынсіңлімді күйеуге бергенде білдік", - дейді Гүлмира.

Ол "Әруақ тоғыз" дегені құдалардың ағайын-туғандарының үйінен қайтыс болған үлкен кісілерге деп алынады екен. Солардың шаңырағын ұстап отырғандарға беріледі-міс. Одан кейін қайынсіңлілерінің қоныс тойы, сүндет той, туған күндерінің бірін қалдырмайтын енесінің шығынын төлеумен келе жатқан келіншек "енді өзім келін алып, қыз ұзатсам, осының бірін де жасамаймын" деп отыр.

"Бесікте жатқан балаға жиһаз, арба, машина, әр жасына арналған киім, ең ақыры түбекке дейін... Сонда ол баланы дүниеге әкелген әке-шешесі не істейді? Екеуі сатып алмай ма соның бәрін? Неге төркіні апаруы керек? Қыздың жасауын айтпай-ақ қояйын... Сенесіз бе, қайынсіңлілерімнің асүйінде қолданатын майлығына дейін апардым ғой, жасауымен! "Қоқыс салатын шелек керек емес пе екен?" деп күйіп кеткеннен мысқылдағанымда, оны түсінбеген енем "апарайық" деген. Бүкіл техникасын да біз апардық. Ұлым ержетіп, арғы жағында қызым да бойжетіп келеді. Осындай салттың бірін де жасамаймын! Қызыма бір жиһазы мен киімін әперермін, қалғанын керек болса, өзі алсын. Ал ұлым әкелетін келінге де солай талап қоямын. Керегі жоқ, жөнсіз шығынға салғым келмейді ешкімді", - деп ашынып отыр әбден ығыр болған бейбақ.

Айтуынша, "тоғыздан киіп келдім" деп жыртығы жамалған ешкім жоқ. "Қайта, салтымызды жаңғыртамыз деп қорлап жіберген сияқтымыз", - дейді ол.