"Олимп" букмекерлік кеңсесінен тәркіленген 5,5 млн АҚШ доллары және 200 мың еуро көлеміндегі қаражат Қазақстан Ұлттық Банкіне қайтарылады, деп жазады Рaryz.kz Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Бұл туралы Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының хабарламасында айтылған.
"Бүгінде "Олимп" букмекерлік кеңсесінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген $5,5 млн және €200 мың көлеміндегі қаражатты Ұлттық банкке аудару рәсімі жүріп жатыр", – делінген хабарламада.
Комиссияның мәліметіне сүйенсек, мемлекетке 95 млрд теңге залал келтірген букмекерлік кеңсе басшысы С. есімді азаматты қоныс-колонияға ауыстыру (ұстау шарттарын жеңілдету) туралы Қапшағай қалалық сотының 2022 жылғы 6 маусымдағы қаулысының күшін жою туралы жеке өтініш шығарылған болатын.
"Аталған іс бойынша 3,6 млрд теңге (4 ұшақ, 5 жер учаскесі, 15 автокөлік, Алматы қаласындағы 30 жылжымайтын мүлік нысаны (тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар және т.б.) мемлекет пайдасына тәркіленді", – деп хабарлады комиссия өкілдері.