Қазір жеті атасын тізімдеп, үйінің кіреберісіне іліп қою үрдісі сәнге айналып келеді. Тұрғындар әулеттің шежіресі жазылған мұндай бұйымдарды арнайы тапсырыспен жасатады екен деп жазады Рaryz.kz Экспресс К сілтеме жасап.
Бұл мәселе бойынша қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Кей адамдар мұндай әрекеттің еш әбестігі жоқ десе, жеті атаны бұлайша белгілеудің түбі жақсылыққа апармайтынын айтып отырғандар да бар.
Адамның шыққан руы мен ата-бабасының есімі жазылған арнайы тақтайшалар елімізде біраз уақыттан бері сатылымда жүр. Ғаламторда мұндай қызметті ұсынатын фирмалар көптеп кездеседі. Арнайы тапсырыспен даярланатын бұйымдарға сұраныс бар. Бағасы да әртүрлі, 17 мың теңгеден басталып, 30 мыңға дейін барады. Тапсырысқа қарай түр-түсін таңдап, қажетті ақпаратты жаздыруға болады. Қазіргі заманға сай жеткізіп беру қызметі де қарастырылған екен.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрғали Тұрсымбаевтың пікірінше, мұндай паннолар өте қажет дүние. Әсіресе, балалар тәрбиесі үшін таптырмайын құрал деп санайды ол.
Балаларға 7 атасын жаттатамыз, бірақ ұмытып қала береді. Үнемі есіне салып отыру керек. Баяғыдай көп адам сұрай да бермейді ғой қазір. Ал мынадай нәрсе көз алдыңда тұрады, күніге қарап отырған соң, ұмытпайды. Әдемілігі маңызды емес, бастысы пайдасы ,
— дейді ол.
Ал жазушы-этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, жеті атасын, арғы бабаларының аттарын кез келген бұйымға ойып жазып сақтау не естелік етіп ұрпаққа қалдыру атымен болмаған жағдай. Тек қайтыс болғанда ғана қабірінің басына құлпытас орнатып, соған атын жазу салты бар. Ол да қайтқан адамды ұмытып кетпеу және басқалардың ата-бабаларының қабірімен ауыстырып алмау үшін жасалған ескі ғұрып болып саналады. Ал ағаш, темір, пластмасса сияқты арзан заттарға ата бабаның қасиетті де киелі есімін жаздырып сақтау қазақ дәстүрінде де, ислам шариғатында да мүлде жоқ нәрсе.
Кейінгі ұрпақтың жеті атасын біліп өсуі дұрыс. Бірақ та шежіре кітаптар бар ғой. Интернет желісінде де анық мағлұматтар бар. Соған қарамастан жеті атаны тұмар етіп жаздырып төрге ілу, сыйға тарту дұрыс идея емес,
— дейді этнограф.
Болат Бопайұлы мұндай әрекеттердің тағы бір теріс тұсы бар екенін айтады. Оның сөзінше, руға, жерге, елге, аймақ, ауыл-ауыл болып бөлінбеген жөн.
Қазақта "Жүзге бөлінгеннің жүзі қара, ру түбі — құру" деген тамаша тағылымды сөз бар. Жоқтан жонып, ойдан орып қай-қайдағы нәрселерді жасау ұлт ұлағатына сын келтіретінін, атасы басқалардың күлкісін келтіретінін ұмытпаған жөн,
— дейді ол.
Осылайша бұл мәселе қоғамда екіұдай пікір тудырып отыр. Соған қарағанда мұндай бұйымдарды пайдалану-пайдаланбау әр адамның өз еркі болып қала беретін секілді.