Қаңтар оқиғасы кезінде шетелге қашқан ұры жүйенің байлары адал кәсіпкер болып көріну үшін елге қайтып жатыр. Экс-депутат Серік Әбдірахманов осындай пікірде, деп жазады Рaryz.kz Экспресс К сілтеме жасап.
Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов ұры жүйенің бүгінгі тынысы жайлы "Сұрауы бар" бағдарламасында айтты.
Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда адал еңбекпен байыған кәсіпкерлер өте аз. Басым бөлігі ескі жүйені жемтікке айналдырып, айласын асырғандар. Тіпті бұрынғы президенттің қуаты кете бастағанда байлығын ойлаған олар жиған-тергенін шетелге асырып, қам жасай бастаған дейді экс-депутат.
Негізгі ұрылардың жанұясы баяғыдан Швейцарияда тұрады. Женеваның маңайында "Храпуновка" деген ауыл бар. 5 қаңтардан кейін олар сонда қашты. Қазір шетінен елге қайтып жатыр. Себебі Назарбаев құрған ұры жүйе өзін сақтай алды. Ары жылжып бара жатыр,
— дейді Серік Әбдірахманов.
Тіпті талай азамат осы ұрланған ақшаны айналдырып, есебін тауып, қазір "адал" кәсіпкер болып көрініп жүр дейді. Сондықтан ұрылардың еркін көсілуіне мүмкіндік бермеу үшін, оларды биліктен шеттету керек дегенді алға тартып отыр.
Қазір сол ұрылардың мүмкіндігі өте биік. Таза адамдардың билікке кіруі қиын. Ұрыларды билікке жібермес үшін, Тоқаев келесі сайлауға емес, мына Мәжілістің сайлауына қолын жеткізуі керек. Артында халық сайлаған Мәжіліс тұрса, сонда ұрылар именеді,
— дейді қоғам қайраткері.