Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Жас әнші қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға ән арнап, елді жылатты

Қызылордалық әнші Арайлым Маханбетжанова қытай түрмесінде жазасын өтеп жүрген қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай туралы ән шығарып, клип түсірді. Оны көрген көптеген қазақстандық көзіне еріксіз жас алған, деп жазады Рaryz.kz Экспресс К сілтеме жасап.

Жас әнші қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайға ән арнап, елді жылатты
ашық дерек көздерінен

Бейнеклипте 26 жастағы әнші Ақжарқынның анасына деген сағынышын жеткізеді.

"Өмірімнің гүлі дедің, сағынып мені жүрегің,

Жолыма қарап жүрсің-ау... ұғынамын, сезінем, білемін!

Ағайын-туыс бауырға, сәлем айт туған ауылға.

Өзім де барып қайтармын, көргенше аман бол, жан анам!" — делінген "Анаға хат" әнінің мәтінінде.

Бейнеклипте қазақ қызының 2018 жылы түрмеде отырып анасына жазған хатын да оқуға болады. Ол хатта отандасымыз отбасын қатты сағынғанын, есейгенін, тәркіленген тағдырының арқасында көп нәрсені түсіне бастағанын жазған.

"Қымбатты анашым!4 ж ыл уақыт ішінде алғаш рет хат жолдап отырмын. Қалдарыңыз қалай? Мен сіздерді қатты сағындым, анашым! Мені еш уайымдамаңыз, денсаулығыңызды күтіңіз. Менің жағдайым жақсы, көп нәрсені үйрендім. Баяғы кішкентай Ақжарқындарыңыз бой жетті. Тәркіленген тағдырымның арқасында көп нәрсені түсіне бастадым. Көп нәрсеге шынайы көзқараспен қарай бастадым... Айтпақшы, суреттеріңізді көрдім. Барлығы өзгеріп кетіпті. Сіңілім өсіп, інім ер жігіт болыпты... Әке, Ана! Аз ғана уақыт қалды. Мен соңына дейін шыдаймын. Сіздердің күш қуаттарыңызды сеземін... Рахмет Сіздерге! Сағындым!" делінген хатта.

Бейнеклипті көрген желі қолданушылары ән өте әсерлі шыққанын, тіпті көздеріне еріксіз жас келгенін жарыса жазды. Көпшілігі қазақ қызының ақталып, елге аман-есен келуіне тілектес болып отырғандарын алға тартқан.

"Өте әсерлі орындау. Соңында жүрегім толқып кетті. Жүрегі мұсылман қазаққа бір Алла жар болсын", "Қарындасымыздың аман-есен ақталып, еліне, ақ жаулықты анасына оралуын Алла нәсіп етсін", "Ақжарқынның ақталып шығуына барша қазақстандық тілеулес", "Жүрекке жеткізіп орындапсың. Елге аман оралуын тілеймін", "Аналарымыз аман болсын", "Жүректі шымырлатып жіберді. Сөзім жоқ", "Ақжарқынның елге оралуына Алладан тілейік" деп жазды желідегілер.

Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Қытай шекарасында есірткімен ұсталды. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды. Ал қазақ қызының бұдан хабары болмаған. Көптеген қазақстандық қаршадай қыз есірткі бизнесімен айналысты дегенге сенбеді. Кейінірек есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығындағылар Ақжарқынның нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болғанын мәлімдеді. Олар бірнеше жыл бойы арнайы операция жүргізіп, қазақ қызынан бөлек Қырғызстан мен Ресей азаматшаларын мафия алдап соққанын айтқан еді.

Небәрі 20 жасында темір торға тоғытылған Ақжарқын биыл 28 жасқа толды.