Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Дәмханада жұмыс істеп жүріп, көз жұмған оқушының туыстары әділдік іздейді

Шымкенттегі ойын-сауық орталық дәмханасында жұмыс істеп жүрген 15 жасар жасөспірім қыз бақилық болды. Марқұмның туыстарына суыт хабарды жеткізгендер алғашында оқушы "электр тогына түсіп, көз жұмды" деген. Ал қыздың денесі жер қойнына тапсырылған соң дәмхана әкімшісі Ақару Құралбай жасөспірім "өздігінен құлап қайтыс болды" деген нұсқаны айтқан, деп жазады Рaryz.kz  Экспресс К сілтеме жасап.

Дәмханада жұмыс істеп жүріп, көз жұмған оқушының туыстары әділдік іздейді
ашық дерек көздерінен

Оқиға шілденің басында күні ойын-сауық орталықтың дәмханасында болған. Жазғы демалыста нәпақа тауып, анасына көмектесуді ойлаған 15 жасар Ақару Құралбай тамақтану орнына кассир боп жұмысқа тұрған екен. Анасы Бибіғайша Құттыбаеваның айтуынша, тұңғышы бұл орында небәрі екі аптадай жұмыс істеген. Алғашында кассир етіп жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілер кейіннен оған "еден жуасың деп мәжбүрлеген" көрінеді. Бұл туралы Ақару анасына хабарласқан кезде айтқан екен. Бақилық болар күні таңертең анасымен сөйлескен кезде келушілер саны көп болғандықтан, кейінірек хабарласатынын жеткізіпті. Анасының сөзінше, ол кезде қызының көңіл күйі жақсы болған. Ал қайғылы оқиға болардан бірнеше күн бұрын оқушы жұмыс берушілер еңбек ақысын бермей жатқанын айтып шағымданған екен.

"Егер жұмыс ұнамаса, шыға сал. Ақшаңды алармыз, болмаса соларға-ақ қалар" деп қызыма басу айтып едім. Сіңлімнің қызы дәмхананың үлкен басшысына хабарласып, мән-жайды айтқан еді. Білмеймін ғой, мүмкін мұндағы жұмыс берушілер үлкен бастыққа не үшін шықтың деп бірнәрсе істеді ме? Мен нақты не болғанын біле алмай отырмын",-деді перзентінен айырылған ана.

Оқушының туыстары суыт хабарды ести сала дереу оқиға орнына барған. Бірақ ешкімнен мардымды жауап ала алмапты. Туыс ағасы Жеңісхан Қалыбайға сонда жүрген тергеуші қарындасы электр тогына түсіп, қайтыс болғанын растаған. Ал мәйітханаға барған анасы тұңғышының ерні кезеріп, бетінің бәрі қанталап жатқанын көріпті.

"Қызымның бетінің бәрі қанталап жатқанын көрдім. Онымен қоса беті жырылған, құлағының артына қан қатқан деді. Басының маңдай сүйегі үлкен боп ісіп тұрған. Не болғанын бір Алла біледі. Енді ешнәрсе біле алмай отырмын. Ешкім кешірім сұрап келмеді, тіпті көңіл айтуға жарымады",-деді марқұмның анасы.

қарудың туысы Жеңісхан Құралбай қарындасын жер қойнына тапсырып, есін жиған соң дәмханаға барған. Алайда ондағылардың берген жауабы тіптен ашуды туырды деп отыр.

"Қарындасымды жерлеп, есімізді кішкене жиған соң сауда орталыққа бардым. Дәмхана әкімшісі сыртқа шығып, "Ақару таңертең жұмысқа жылап келіп, "гориила" (энергетикалық сусын: автор) ішті. Аш қарынға ішкенін көріп мен "қой" деп айттым. Ол тыңдамады. Содан күні бойы көңіл күйі болмай жүрді. Оның жүрегі ауырады екен ғой, содан өзі құлап қалды" деп айтып тұр. Бұл қалай сонда? Бізге күдік туғызып отырғаны, мұндағылардың сөздері бір-біріне қайшы келіп отыр. Бізге тоқ ұрды деп хабарласты. Тіпті жедел жәрдемді тоқ ұрды деп шақырған екен. Кейіннен дәмхана әкімшісі өз құлап қалды деді. Сауда орталықтағы қызметкерлер де құлап қалғанын көрдік деп отыр. Ал дәмханадағы бір қызметкер қарындасымның тоққа түскенін, басынан түтін шығып жатқанын көргенін айтты",-деді Жеңісхан Құралбай.

Оқушының туыстары тергеу жұмыстары әділ жүретініне қазірдің өзінде күмәнданып отырғанын айтады. Сондықтан мән-жай ешбір бұрмалаусыз анықталуын талап етеді. Және де кінәлілер анықталса, тиісті жаза алуын сұрайды.

Полицейлер оқушының өлімі бойынша қылмыстық істі тіркеп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 3-бөлігімен (еңбек қағидасын бұзу салдарынан адам өліміне алып келген оқиға) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған мекеме қауіпсіздік шараларын қаншалықты деңгейде қамтамасыз етті? Қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды ма? Жоқ, жасалған жоқ па? Ол жағына әлі құқықтық баға берілетін болады",-деді Шымкент қаласы, Қаратау аудандың ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Аянхан ОМАРОВ.

Оқушы өлімі бойынша тиісті сот-мединицалық сараптама тағайындалып, туыстарына оның алғашқы қорытындысы да беріліпті. Онда қайтыс болу себептерінің бірі ретінде "электр тогына түсу" деп көрсетілген көрінеді. Ал медициналық сараптаманың соңғы қорытындысы 20 күннен соң белгілі болады.

Айта кетейік, 15 жастағы Ақару Құралбай жақында ғана тоғызыншы сыныпты бітіріп, қолына аттестат алған.