«Қазақтелеком» АҚ директорлар кеңесінің құрамынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының Skyline Investment Company компаниясының екі өкілі шығарылды деп жазады Рaryz.kz Оrda.kz сілтеме жасап.
«Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің жалпы жиналысы жарғыға және компанияның директорлар кеңесі туралы ережеге өзгерістер енгізді – басқармадағы директорлар саны тоғыздан жетіге дейін қысқартылды» деп хабарлайды Қазақстан қор биржасы (KASE).
Жарияланған құжатқа сәйкес, акционер – Skyline Investment Company мүддесін қорғаған «Қазақтелеком» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері – Ерұлан Құсайынов пен Абай Әлімовтің, сондай-ақ тәуелсіз директор Александрдың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды. Олармен бірге Александр фон Глейх шығарылды. Басқарманың өкілі етіп Николай Казутин, «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерін және тәуелсіз директор ретінде Арманбай Жұбаев сайланды.
Еске салсақ, 13 наурызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру фактілері бойынша Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.
12 сәуір монополиясыздандыру жұмыстары аясында Сатыбалданың бақылауындағы компаниялар – «Alatau Capital Investments» және «Skyline Investment Company S.A.» компанияларына тиесілі «Қазақтелеком» компаниясының 30 пайызға жуық акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды.
16 маусымда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Монополиядан шығару комиссиясына «Қазақтелекомның» ұялы байланыс саласындағы үлесін азайтуды ұсынды.