Оқшау ойларымен ерекшеленетін физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаевтің әр сөзі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома сияқты. "Қасқа жол" арнасына сұхбат берген ғалым қазақ қоғамы үшін маңызды мәселелерді қозғады. Осы сұхбаттан ойтамызықты Рaryz.kz түйіндеді.
Мақтау деген сөзді ақ пен қара деп қабылдауға болмайды. Кімді мақтасам да нақты ісіне қарап мақтаймын. "Болашақ" бағдарламасын жүзеге асырғанда мен Назарбаевты да мақтадым. Білімді, талантты жастарды құптады. Бұл менің мұратым еді. Олай болса неге мақтамауым керек? Ал, ҚР Ұлттық ғылым академиясын жапқанда мен қате дедім. Академия жабылып жатқанда ғалымдардың бір шоғыры, президент шешімін құптады. Бұл пікірімді "Жас алаш" газетіне де жаздым. Сол кезде 4-5 мақалам қатар шықты. "Ақымаққа намаз үйретсең, жайнамазбен басыңды жарады" деген тәмсіл еске түседі. Папуас деген халық бар: оларға жалау не, шүберек не бәрібір. Ал, Ұлттық ғылым академиясы қазақтың жалауы. Біз болсақ оны құлаттық. Академиктер бізден кейін болашақтық барын білмей ме? 1945 жылы Сталиннің кезінде құрылған Академияның айдың аманында, Назарбаев дәуірінде жабылды деген атының өзі жаман ғой?
* * *
Тоқаевқа менің ішкі симпатиям бар. Біз өзі екі-ақ президент көрдік. Кіммен салыстырамыз? Қырғыздар 5 президент көрді. Оларда салыстыратын тұлғалар бар. Тоқаевтың бір ерекшелігі БАҚ, әлеуметтік желілерге шыққан ақпараттарды өзі оқиды. Газетке шыққан мақалаларыма пікірін жазып жіберетін. Соның өзі мені қанаттандыратын. Назарбаевқа маңындағы жағымпаздар оқып беретін. Әрі тұңғыш президентіміз монологты жақсы көретін. Ол сөйлейді. Біз болсақ, тыңдайтынбыз. Ал, Қасекең ондай емес. Тыңдай білетіндігімен жақсы диалог орната біледі. Ақордаға шақырды. Сонда байқағаным менің латиницаға қатысты жазғандарымның барлығын оқыпты. Халықпен кездесерде дайындалатын президентті көрдіңіз бе?
* * *
Кешегі қаңтар көтерілісіне кілең жастар шықты. Күнделікті Қазақстанның гимінін шырқайтын, "Мәңгілік ел" туралы шығарма жазатын қазақтың жастары. Бұл нені көрсетеді? Көпірме сөздің көптігі. Мен үшін "мәңгілік" деген ұғым жоқ. Кез-келген нәрсенің басы мен аяғы болады. Адамның өзі күндердің бір күні өледі. Сондықтан "мәңгілік ел" дегенді мен түсінбеймін. Оның шартты уақыты болуға тиісті. 10 жыл ма, 30 жыл ма бедерлі уақыт керек. 20 жыл болғанда Жаңаөзен бұрқ ете түсті. 30 жыл болды тағы көтеріліс шықты. 30-да орда бұза алмаған біз 40-та қамал ала аламыз ба? Көтеріліс неге шықты? Газ қымбаттады. Табиғи ресурстарға бай бола тұра газ неге қымбаттайды? Сөйтсек, Қазақстанда газ өңдейтін бір ғана зауыт бар екен. Оның өзінің 90 пайызы ескіріп, қираған. Сондықтан газымыз сыртта өңделеді. Олигархтарымыз газ өңдейтін зауыт ашуға бастарын ауыртпайды. Әңгіме осында: Қазақстанға жаңа технологиямен зауыт, фабрика салу керек. Онда қазақтың баласы жұмыс істеуі тиіс.
* * *
Назарбаев неге Ли Куан Ю бола алмады? Ли Куан Ю әңгімені жемқорлармен күрестен бастады. Ал, Назарбаев жемқорды өзінің жанынан емес, алыстан іздеді.
* * *
Қазақтың 3 ерекшелігі бар: көшенің атын ауыстыру, ауылдың атын ауыстыру, біреуге мүсін орнату немесе оны бұзу. Лондонның орталық көшелерінің бірі - Корн стрит деп аталады. Қазақша аударғанда - жүгері көшесі. Ағылшында ақын да, бизнесмен де, ғалым да көп. Олай болса, соның біреуінің есімін осы көшеге неге бермейді? Неге Ньютонның атын бермейді? Өйткені оны дүние жүзі біледі. Парасат деген осы.
* * *
Ұлттың барлығы бірдей. Қазақ ешкімнен кем емес.
* * *
Нумералогияда, жұлдыз жормалда, ментальды арифметикада ешқандай ғылыми негіз жоқ. Мен үшін сан - сан. Мәселе әркімнің кәлләсында." Хлеб и зрелище" - деген бар. Адам әркез бір нәрсемен айналысуы керек. Теріс энергия кәсіпке ойысады. Бұзақылық аз болады. Мәселе осында.
* * *
Тойдың өз регламенті болуы керек. 5 сағат той үшін тым көп. Айтары жоқ болса да тост айтуға ұмтылады. Шет елдерде түстікке барып, пицца жеп қайтады.
* * *
Қазақ технократ ел болуға тиісті. Қазақ ұят, намыс деген сөзді жиі айтады. Қазақтың баласы неге ғылыми-техникалық журналды оқымай, ертегіні оқиды? Намыс деген осы. Қазақтың ғылымы мықты болуға тиісті. Біз зауыт, фабрикасы қуатты дейтін ұғымды қалыптастырайық. Қазақ "Мерседес" шығармасада, "Мерседестің" інісін шығарсын. Сонда ұлттың намысы көтеріледі.
* * *
Мен мың деген категорияны түсінбеймін. 1 деген категорияны түсінемін. 30 деген категорияны түсінемін. Түсінікті категориямен жұмыс істейік.
* * *
Бұрынғы АДК, Алматы мақта-мата комбинаты, "Жетісу" аяқ киім фабрикасы, "Восход" тігін фабрикасы, Семей ет комбинаты қайда? Қарағандыда аэроплан жасайтын зауыт ашылды. Онда 1 ғана самолет құрастырылды. Оның өзінде 1 ғана қанат болғандықтан ұшпай қалды. Сонда бізде инженердің болмағандығы ғой?
* * *
Қазақты осы мәселелер толғандыруы керек. Қалғаны бос сөз.
Мақпал ОРЫНБЕТОВА