Соңғы аптаның ішіндегі "Қызыл кітапқа" енген киікті атуға берілген рұқсат бұл - парадокс. Кезінде Қарақалпақстанды басқарған ақын, қоғам қайраткері туралы ақын Светқали Нұржанов өзінің Facebook парақшасында оқырмандарына ой салды деп жазады Рaryz.kz.
Бүгін “әлем-жәлемде” Махат Садықтың Қарақалпақ пен киік мәселесі және әйгілі “Жезкиік” әні авторларының бірі Кәкімбек Салықов туралы жазбасы шығыпты.
Түйіні: шіркін-ай, Горбачев Қазақстан билігіне 86-жылы Колбинді емес, Салықовты әкелгенде, көп дүние мүлде басқаша болар ма еді деп армандайды автор. Оқып отырып менің де ойыма талай жайлар оралды…
Кәкімбек ағамен тірлікте біраз араластым. Қаншама лауазымды қызметтерде жүрсе де өмірден Жарасым іздеген, Сұлулық әлеміне ұмтылған, жақсыларға ілтипатты, кішіпейіл жан еді. Енді, ақындығы өз алдына. Қазақ поэзиясында сонеттер шоғыры(венок сонетов) - “жыр-гүлтәжі” тәсілімен тұңғыш жыр жазған ақын болатын.
Жезқазған жақта Кәсіпшілік басқарып жүргенде Сармолда (Балмағамбет Балқыбайұлы) әулиемен сырлас болған. Ол кісінің үлкен ұлы Қапартайды жанына жұмысқа алып, қасиетті Ілім иесімен жұма сайын дерлік сұхбаттасып тұрған екен, жарықтық. Бұл жайында ағамен арқайын әңгімелескен шақтарым жадымда…
Айтайын дегенім бұл да емес, Астанадағы “Хан батыры Қабанбай” қорымына, яки Ұлттық пантеонға бір жатса, осы кісі жатуға тиіс болатын! Өкінішке орай, Вор-Биліктен рұқсат болмапты! Мәскеуде жүрсе де, Қарақалпақстанда жүрсе де, төсінде жүрсе де өлердей сағынып өткен ақынның Сарыарқасының қақ төрінде жата алмай кеткені жаныма батады. Пантеонға барған сайын Кәкімбек ағаның әруағына да бағыштап дұға қылам…
Соңғы рет Атырауда Нариман Үлкенбаев ағаның үйінде(2010 ж.) Кәкімбек аға Салықов, Әбіш аға Кекілбайұлы, Фариза апа Оңғарсынқызы - бәріміз сәнді сұхбат, мәнді мәжіліс құрып едік. Содан бері бір-ақ мүшел өтті, қазір олардың бірі жоқ бұл фәнидің жүзінде!.. Одан кейін бірнеше рет тек телефон арқылы ғана тілдесіппін… Енді рухымен сырласып, жырларымен ғана сұхбаттасамыз…
Өкініші өте көп, Сағынышы шексіз, Қыры мен Сыры мың сан қатпар әлемет әлем, Сенің қай жыртығыңды бүтіндеп, қай жоғыңды түгендермін, өзімнің де ғұмырым жарты тұтам?!.
Жатқан жері жайлы болсын Ағаның,
Жезкиігі аман болсын Даланың!.. Айт-Ман.