16.11.2020, 10:20

"Қазақстанда бәрі сатылады!": Волейболшы тікелей эфирде осылай деді

фото: видеодан скриншот

Өз кезегінде волейболшы атышулы мәлімдемесі үшін кешірім сұрап үлгерді.

Талдықорғанда өткен әйелдер командалары арасындағы волейболдан 2020/2021 жылғы маусымдағы Қазақстан чемпионатының бірінші турында күтпеген жағдай болды деп хабарлады Stan.kz.

Телеоператор тайм-аут кезінде "Жетісу" командасын түсіріп жатқан кезде, топ капитаны Алеся Сафронова камераға дауыстап: "Қазақстанда барлығы сатылады! Федерацияда!", - деп айғайлады.

Бұл эпизод жанкүйерлердің де, спорт шенеуніктерінің де назарынан тыс қалмады. "Ертіс-Қазхроммен" болған ойынға Алеся қатыспады, ал сол күні кешке спортшы шеттетілгені туралы хабарлады. Бұл ақпаратты ҚР Волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев та растады.

"Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер командалары арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасының ХХІХ Чемпионаты 1-турының негізгі төрешілер алқасы бұл эпизодты атқару комитетінің келесі отырысында қарастыруға, турдың соңына дейін А.Сафронованы шеттетуге шешім қабылдады", - деді Ермек Сырлыбаев.

Бұл дисквалификация әлдеқайда ұзақ болуы және бір турмен шектелмеуі мүмкін дегенді білдіреді. Vksport.kz порталы дереккөзінің хабарлауынша, Сафронованың ісіне Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті қызығушылық танытты. Ал өз кезегінде волейболшы атышулы мәлімдемесі үшін кешірім сұрап үлгерді.

"Әрине, қатты айтқаным үшін кешірім сұраймын. Матч өте тартысты өтті, ал камералардың артында көп нәрсе көрінбейді, қарсыластар бізді үнемі арандатып жатты. Өкінішке қарай, төрешілер мұны көрмейді... Мен ол жерде Қазақстан туралы емес, федерация туралы айттым. Қазақстанды өте жақсы көремін, құрметтеймін, оған жастық шағымды арнадым, Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жанымды бердім. Әлі де қазақ туы үшін күресемін", - дейді Сафронова.