Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев): "Уставтан хабарсыз генерал"

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың мемлекеттік тілге немқұрайдылығын жазушы-публицист Facebook парақшасында сынады деп жазады Рaryz.kz .

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев): "Уставтан хабарсыз генерал"
ашық дерек көздерінен

 Үстіміздегі жылы 20-көкекте Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистер сұрағына қазақ тілінде жауап беруден бас тартқаны естеріңізде болар. Ведомство басшысы: «Білесіздер ме, қараңыздар, біздің тұңғыш президент, елбасы былай деді: «100 қазақ тұрған ортада әлде бір басқа тілді адам болса, біз біреудің көңілін қалдырып алмау үшін орыс тіліне ауысамыз», – деді. Жаңа министр сөйтіп ескі президенттің лағындысын әлі күнге ұстаным көреді екен. Ал әскери адам үшін ең басты құжат әрине, әскери жарғы. Кеше арнайы осы жарғыны қарап шыққаным бар. Қарап шықтым да аузым аңқайды: Қазақстанның Қарулы Күштерін басқарып отырған лауазым иесінің әскери уставтан мүлде хабарсыз екендігі мені таң қалдырды.  


  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысының 14-бабында: «Әрбір әскери қызметшінің борышы – Қазақстан халқы бірлігінің маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру», – деп атап көрсетіліпті.  Түсінбейтіндерге Уставтың орысшасын да келтірейін: «Долг каждого военнослужащего – овладение государственным языком, являющимся важнейшим фактором консолидации народа Казахстана».  
Осыдан-ақ министрдің бойында мемлекетшілдік қасиет тапшы екендігі байқалып тұр. Егер ол өз ұлтын, өз Отанын шын сүйетін болса көрші мемлекеттің тілінде емес өз мемлекетінің тілінде сөйлер еді.  Сонда патриоттық қасиеті кемшін, әскери Уставты білмейтін адам қалай Қазақстан Қарулы Күштерін басқарып отыр?

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев)