01.07.2022, 15:30

Коронавирус: Ажар Ғиният бейқам жүрген тұрғындарға кеңес берді

ашық дерек көздерінен

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы бейқам жүрген қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес берді, деп хабарлайды Рaryz.kz Halyq Uni сілтеме жасап.

Ол СOVID-19 вирусы өте жұқпалы ауру екенін атап өтті. 

Министр шетелге шығып жатқан тұрғындар өте сақ болуы керектігін ескертті.

Қазір туризмнің дамыған кезеңі. Балалар каникулға шықты, қазақстандықтар шетелге барып жатыр. Сондай-ақ өңір арасындағы миграция да бар. Коронавирус ауа арқылы таралатындықтан әрі вирустық инфекция болғандықтан, оның таралу қаупі жоғары. Сондықтан барлық қазақстандыққа дер кезінде вакцинация немесе ревакцинация алып, өздеріңізді қорғап жүрулеріңізді сұраймын, - деді Ажар Ғиниятқызы елордада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургиялық форумның кулуарында.

Сонымен қатар ол СOVID-19 вирусына қарсы вакцина алған кейбір науқастар вирусты қайта жұқтырып жатқанын жеткізді. Себебі екпенің аурудан қорғайтын уақыты өтіп кеткен.

«Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркеліп жатқан аурулардың анамнезін қарасақ, науқастардың 80%-ның ревакцинациялау уақыты келгенін немесе вакцина алған уақыты өтіп кеткенін байқап отырмыз. Сондықтан денсаулықты қорғаңыздар. Қазір вакцинаның барлық түрі бар. Емханаларыңызға барып, вакцинациядан өткендеріңіз жөн», - деді министр.

Айта кетсек, осыған дейін Денсаулық сақтау министрі бүгін ведомстваралық комиссияда (ВАК) маска тағу режимін енгізу мәселесі қаралатынын айтқан еді.