Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы бейқам жүрген қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес берді, деп хабарлайды Рaryz.kz Halyq Uni сілтеме жасап.
Ол СOVID-19 вирусы өте жұқпалы ауру екенін атап өтті.
Министр шетелге шығып жатқан тұрғындар өте сақ болуы керектігін ескертті.
Қазір туризмнің дамыған кезеңі. Балалар каникулға шықты, қазақстандықтар шетелге барып жатыр. Сондай-ақ өңір арасындағы миграция да бар. Коронавирус ауа арқылы таралатындықтан әрі вирустық инфекция болғандықтан, оның таралу қаупі жоғары. Сондықтан барлық қазақстандыққа дер кезінде вакцинация немесе ревакцинация алып, өздеріңізді қорғап жүрулеріңізді сұраймын, - деді Ажар Ғиниятқызы елордада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургиялық форумның кулуарында.
Сонымен қатар ол СOVID-19 вирусына қарсы вакцина алған кейбір науқастар вирусты қайта жұқтырып жатқанын жеткізді. Себебі екпенің аурудан қорғайтын уақыты өтіп кеткен.
«Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркеліп жатқан аурулардың анамнезін қарасақ, науқастардың 80%-ның ревакцинациялау уақыты келгенін немесе вакцина алған уақыты өтіп кеткенін байқап отырмыз. Сондықтан денсаулықты қорғаңыздар. Қазір вакцинаның барлық түрі бар. Емханаларыңызға барып, вакцинациядан өткендеріңіз жөн», - деді министр.
Айта кетсек, осыған дейін Денсаулық сақтау министрі бүгін ведомстваралық комиссияда (ВАК) маска тағу режимін енгізу мәселесі қаралатынын айтқан еді.