"Шындықты әлі күнге дейін білмейміз": "Арқанкергенде" мерт болған шекарашылардың туыстары Челахтың кінәлі екеніне сенбейді

“Арқанкерген” шекара бекетіндегі қайғылы оқиғадан 10 жылдан астам уақыт өтті. Алайда марқұмдардың туыстары жаппай қырғын жайлы шындықты білгілері келеді. “Ақ Жайық” басылымының тілшілері Данияр Балғабаев пен Жеңіс Сағынғалиевтің әкелерімен тілдесіп көрді, деп хабарлайды Рaryz.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

"Шындықты әлі күнге дейін білмейміз": "Арқанкергенде" мерт болған шекарашылардың туыстары Челахтың кінәлі екеніне сенбейді
ашық дерек көздерінен

“Өздері секілді сарбаз Челах бірге қызмет еткендерді өлтірді дегенге кім сенеді? Міне, мен де сенбеймін және Челах мұнда кінәсіз деп ойлаймын”, – деді Данияр Балғабаевтың әкесі Ғарифолла Қапаров. 

Олар әйелі екеуі әлі де балаларының өліміне сенбейді. 

“Уақыт емші” дейді ғой, бірақ біз үшін бір күні Данияр есікті ашып, кіріп келетіндей. Он жыл бұрын оны табытпен алып келді, бірақ мен оның ішінде баламның мәйіті болғанына сенімді емеспін. Әйелім табытты ашқысы келді, алайда мен жабық күйінде қалсын деп шештім. Өйткені сол кезде денсаулығы нашар еді. Біздің жағдайымызды жауыма да тілемеймін”, – деді Ғарифолла Қапаров. 

Қапаров үкімет бөлген көмек туралы айта келе мұны отбасы мүлде “сезінбегенін” жеткізді. 

“Сол кездегі аудан әкімі Амангелді Баракатов жұбайыма “Доссормұнайгаз” мұнай-газ өндіруші басқармасына жұмысқа орналасуға көмектесті. Алайда кейін қысқартылып кетті. Облыс әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов мені “Доссормұнайгазға” жұмысқа орналастырамын деген, бірақ уәдесінде тұрмады. Қазір жасым 56-да, тұрақты жұмыс жоқ. Мұны не үшін айтып отырмын? Біз ұл баланы дүниеге әкеліп, нағыз еркекті өсірдік, білім бердік. Өз елінің азаматы ретінде қызметке жібердік. Ал ол бейбіт күнде мерт болды, отбасымызға қолдау да болмады. Мұны қалай түсінеміз?” – деп сұрады Қапаров.

68 жастағы Дәукен Сүндетов ұлы Жеңіс Сағынғалиев туралы айтып берді. 

“Менің үш балам бар: екі қыз және бір ұл. Ұлым 1990 жылы 9 мамырда, Жеңіс күнінде дүниеге келгендіктен, есімін Жеңіс деп қойдық. Қазақтар ұлы, мұрагері туғанда ерекше қуанады. Біз де сол сезімді басқат кештік. Анасы 1999 жылы сырқаттанып көз жұмды. Бірақ мен балаларым анасының жоқ екенін байқамасын деп барымды салдым. Оларды қапаландырмау үшін екінші рет үйленбедім. Балаларымнан ештеңе аяған жоқпын. Қыздарым секілді Жеңіске де мамандық таңдауда көмектестім. Мектептен кейін Оралдағы Жансүгіров атындағы университетті “автоматика инженері” мамандығы бойынша тәмамдады. Дегенмен жұмысқа орналаса алмады. Бірі тәжірибесі жоқ десе, екіншісі әскери билетті талап етті. Үлым маған “Мен әскерге барайын, бір жыл қызмет еткен соң әскери билетпен жұмысқа орналасу оңайға түседі” деді. Келісімімді беріп, ұлымнан айрылатынымды қайдан білейін”, – дейді Сүндетов. 

Ол Владислав Челахтың осынша адамды өлтіріп, өртеп жібергеніне сенбейді. 

“2012 жылы Астанадағы сот отырысына қатыстым. Челахтан “Жалғыз өзің барлығын қалай өлтірдің?” деп сұрағанда, жауап берудің орнына Челах “Күндердің күнінде шындық ашылады, ол күнге дейін тірі боламын ба, білмеймін” деді. Егер Жеңіс жанымда болғанда, немерелерімді қарап, ескелетер елім. Оның зиратына жиі барамын, жиі түсіме кіреді”, – деп қосты Сүндетов.

Айта кетейік, 2012 жылы 4 маусымда Владислав Челах Арқанкерген шекара бекетінен 24 шақырым жерде орналасқан қыстақтан табылған еді. Челахтың қолында бірнеше ұялы телефон, ноутбук, Кереевтің табельді қаруы, 12 мың теңге болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, шекара бекетінде 14 шекарашы мен орманшы қаза тапқан.