Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Жүйе дұрысталмайынша, шенеунік жаманатты болады

Азаматтарды тұқыртуға тырыспай жүйені жақсартуға атсалыссақ дейді қоғам белсендісі Әнуар Омар Facebook парақшасында деп жазады Paryz.kz

Жүйе дұрысталмайынша, шенеунік жаманатты болады
ашық дерек көздерінен

Кейде биік лауазым иеленіп отырған кісі сол орында болғаны үшін ғана кінәлі атанады. Мұндай жағдай біздің елімізде сәт сайын болып жатады десек те артық айтқандық болмас. Мұның түп-тамыры мемлекетті басқару жүйесінің уақыт талабына бейімделе, ілесе алмай отырғандығында деп білемін. Елімізде бұл олқылықтарды дұрыстау бағытындағы нақты қадамдар жасала бастады. Дегенмен әлі де шабандап тұрғанымызды күнделікті өміріміз көрсетіп беруде. Осы жазбаны жазуыма Индустрия және инфракұрылымдық даму министрі Қайырбек Айтбайұлының атына қайталана айтылып жатқан сындар себеп болды. Сыналмасын деп ойламаймын. Атқа мінген жанның атаққа шықпауы мүмкін емес. Ал, атақ бір күн ондай, бір күн мұндай...

Дегенмен қазіргі азаматтық қоғамның белсенділері, жеке мүдде үшін жауласпайтын адал блогерлер мәселенің мәнісін, түпкі себебін түсіне білуі керек. Шенеунік те адам. Оның да әр іске өз көзқарасы, ниеті, жанашырлығы бар. Бірақ жүйенің жетіліп үлгермеген кей тұстары тілді күрмеп, қолды байлап, аяқты тұсап жатады кей ретте. Мұндай суперпрезиденттік басқару жүйесінде жақсының жаман атануы әп сәтте. Менің өз пікірімде Қайырбек Өскенбаев елге жанашыр, саланың қыр-сырын терең меңгерген, тәжірибелі, практик басшы. Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының әкімі (2013-2016ж.ж.) болып жүргенімде бұған көзім анық жеткен. Ол кездегі қызметі министрдің орынбасары болса да Қайрекең аймаққа сапарлары барысында мәселені терең түсініп, нақты да батыл шешімдер қабылдап отырды. Бірнеше шағын кенттегі жеті мыңға жуық халықты опырыла құлауы мүмкін апат аймағынан көшіру қажеттігі туғанда істің көзін, шешілу жолын таба білетін біліктілігін көрсете білді. Үкімет тарапынан қолдау ұйымдастыра алды. Содан бері, яғни кемі 5-6 жыл ешқандай хабарласу, араласуым болмаса да Қайрекең туралы жеке пікірімді еш мүддесіз жариялауды жөн көрдім. Жақсы жігіттерді тұқыртуға тырыспай жүйені жақсартуға атсалыссақ елге қызмет етуге дайын азаматтар жетіп артылады.