Жарты ғасыр бұрын мектеп бітірген түлектер елу жылдық мерейтойды атап өту үшін мектепке келгенде оларды сексеннен асқан математика пәнінің мұғалімі күтіп алды. Бұрынғы оқушыларына қайтадан сабақ өткізген ұстаз оларға жаңа тақырыпты түсіндірген, деп хабарлайды Paryz.kz, Exk.kz-ке сілтеме жасап.
Мектеп бітіргендеріне елу жыл толған түлектер математик мұғалімінің сұрағына жауап бере алмады.
Желіде тараған бейнежазбада еліміздегі орта мектептердің бірін 1972 жылы аяқтаған түлектердің сабаққа қатысқаны байқалады. Сексеннің сеңгіріне шыққан мұғалім түлектеріне жаңа сабақ өткізіп, оларға бірнеше сұрақ қойды.
Мектептің бетін көрмегелі жарты ғасыр болған "оқушылар" болса ұстаздың алдында алты жасар баланың кейпіне енді. Сабақ атаулыны әлдеқашан ұмытқан түлектер күлкіге қарық болып, мұғалімнің әлі де есепті шемішкеше шағатынына қайран қалды.
Көпшілікті сүйсіндірген оқиғаға қатысты желі қолданушылары ақжарма лебіздерін жеткізді. Олардың арасында жасы келген ұстаздың кәнігі мұғалімдерше жаңа тақырыпты түсіндіре алғанына таңданысын білдіргендер көп.
"Ұстаз қай кезде де ұстаз", "Арманы жоқ мұғалім екен", "Сексеннен асқанда оқушыларың осылай келсе не арман бар", "Мектепті ұмытпаған есті оқушылар екен", "Есеп атаулыны мектеп бітіргенде-ақ ұмыттық қой" дегенге саяатын түрлі пікірлерін жазған.