Петропавлда ата-аналар баласын балабақшадан алып кетуді ұмытып кеткен. Полиция кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға материалдарды ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, балабақша қызметкерлері тәртіп сақшыларына 5 жасар қызды алып кетуге ешкім келмегенін айтқан. Кішкентай қызбен бірге ювеналды полиция қызметкерлері баланың тұрғылықты жеріне келген. Онда олар ата-анасының мас күйінде ұйықтап жатқанын көрген.
"Пәтер шашылып жатыр, алкоголь бөтелкелері жатыр. Әкесі мен анасына қатысты "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Петропавл қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына құжаттарды тапсырды. Бұл ата-ана тарапынан мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр", – деп түсіндірді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Динара Мұқанова.
Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінде барлығы 242 әлеуметтік жағдайы нашар отбасы есепте тұр.
Айта кетейік, биыл 26 солтүстікқазақстандық ата-ана құқығынан айырылса, 6-уына шектеу қойылды. Ата-аналық міндеттерін орындамау фактісі бойынша 418 материал жиналды.