Алматы облысының дәрігерлері қолын қосулы тұрған электрмен жұмыс істейтін еттартқышқа салып жіберген баланы аман алып қалды, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда балаға ота жасалып, дәрігерлер баланың қолындағы барлық тамырын жалғап, қолдағы қанайналымды қалпына келтірді.
"Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне оң қолының ауыр жарақатын алған бір жарым жасар бала түсті. Ол оң қолын қосулы тұрған электрмен жұмыс істейтін еттартқышқа салып алған. Операцияны Талғар аудандық орталық ауруханасының білікті дәрігерлері мен хирург мамандар жасады. Қазір бүлдіршін интенсивті терапия бөлімінде жатыр. Оның жағдайын реаниматолог дәрігерлер бақылауда", - делінген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.