Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, мектеп оқушыларының арасында «Шымкент жастар лигасы» спорттық жарысы өз мәресіне жетті. Аталған жарыс 2021 жылдың 23 қазанында бастау алған болатын, деп хабарлайды Paryz.kz.
Шымкент қаласында Мұрат Әйтеновтың бастамасымен жүзеге асырылып, үш айға созылған байрақты бәсекенің жабылу салтанаты «Қажымұқан» орталық стадионында өтті.
Финалда N65 мектеп командасы N90 мектеп командасын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан ЖАСТАР ЛИГАСЫ 2022 жылдың чемпионы атанды. Жобаның жабылу рәсіміне қала әкімі арнайы қатысып, балаларды жеңіспен құттықтады.
«Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін.Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! - деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов.
«Шымкент жастар лигасына» спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5926 оқушы қатысты. Атап айтқанда, Абай ауданында – 37, Әл-Фараби ауданында – 25, Еңбекші ауданында – 40, Қаратау ауданында – 38. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан-клуб командалары жасақталып, 2265 оқушы қамтылды.
Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Осы спорттық жарыстарға төрешілік жасауға және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.
Жарыс спорттың футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге интеллектуалдық шахмат ойындарынан өтті. Жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командаларға 20 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Лига нәтижесінде:
♟️ ШАХМАТ
І-орын Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі
ІІ-орын Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы
🏀 БАСКЕТБОЛ
І-орын - М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы
ІІ-орын - Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІІ-орын - Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы
🏐 ВОЛЕЙБОЛ
І-орын - Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектеп
ІІ-орын - Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын - Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы
⚽️ ФУТБОЛ
І -орын № 65 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІ-орын № 90 мектеп-гимназиясы
ІІІ-Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы
«Шымкент жастар лигасы» – Қазақстандағы мектеп оқушыларына арналған ең үздік жоба. Жастарға серпіліс беретін бірегей жоба. Оқушылардың уақытын тиімді пайдаланумен қатар, әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғайтын болашақ чемпиондарға жол ашатын жоба.
Шахматтан чемпион атанған Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған команда мүшесі, 9 Ғ сынып оқушысы Мұхтар Айнақұл қарсыластарының осал болмағанын айтты.
Қарсыластарымыз мықты болды. Мен шахматтан жарысқа қатысу үшін осы мектепке әдейі ауысып келдім. Себебі, мектебізде шахмат үйірмесі бар. Өзім шахматпен бірінші сыныптан айналысып келе жатырмын. Жарысқа дайындық барысында аптасына 5 рет жаттығу болды. Жексенбі күні жарысқа қатысып жүрдік. Топта 6 адам ойнадық. Демалмай, терлеп еткен еңбегіміз ақталып, І орын алып, мектебімізге 20 млн теңге алып бергенімізге өте қуаныштымыз! – деді Мұхтар Айнақұл.
Жеңімпаз шахмат командасының жаттықтырушысы Жәнібек Байжанов та шәкірттерінің адал еңбегінің ақталғанына, жеңіс тұғырынан көрінгеніне шексіз қуанышты екенін жеткізді.
Қала әкімінің бастамасымен өткен додада І орын алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Еңбекпен, термен келген дүние. Жүлдені қайда жұмсайтынымызды әлі білмейміз. Бәлкім, тақта, көлік алармыз, оның бәрі уақыттың еншісінде.
Әйтеуір, мектебіміздің игілігіне жұмсалатыны аян, - дейді Жәнібек Жұмабекұлы.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақ эстрадасының Заттыбек Көпбосынұлы, Әйгерім Қалаубаева, Қайрат Түнтеков, Назима сынды жарқын өкілдері әннен шашу шашты.
Мөлдір Кенжебай