Балалардың мерекесінде Ақтөбеде ерекше жарыс өтті. Туғанына 6 және 18 ай болған бөбектер еңбектеуден сайысқа түсті.
Жарыс Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Орталық саябаққа халық көп жиналды. Әсіресе, балаларын еріткен ата-аналар көп. Бөбектер арасындағы жарыс ерекше ұйымдастырылыпты. Сайысқа 50 бала қатысты. Балақайлар бесеуден топқа бөлініп сайысқа түсті. Олар алаңға шығып арнайы жолақтың үстімен еңбектеп өтеді.
Баласын жарысқа қатыстырған ата-аналар да өздері еңбектегендей әуреге түсті. Себебі балалардың бірі орта жолда тоқтап қалып, айналасына қарса, енді бірі тіпті жүрмей қойды. Ал баласының орын алуы үшін барын салған ата-аналар түрлі әдісті қолданды. Бірі ойыншықтарды сылдырлатса, енді бірі тәттімен қызықтырды.
Сайыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Хамза есімді 9 айлық сәби алды. Жеңімпазға 100 мың теңге берілді.
Сайыс өтетінін естіген кезде Хамзаны қатыстыруды ойладық. Әжесі де немересінің жеңімпаз болуына күш салды. Еңбектетіп, тез қимылдауға үйреттік. Ал 100 мыңды Хамзаның өзіне жұмсаймыз,
деді анасы Айдана Қанатова.
Жарыста екінші орын алған балаға 80 мың теңге берілсе, үшінші орын алған сәби 50 мың теңгеге ие болды.