Биыл Шымкент халқын сапалы электр қуатымен қамту үшін 9 елді мекеннің ішкі жүйелері мен «Ақжар» 110/35/10кВ және «Ынтымақ» 110/35/10кВ қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде.
Шаһарда қазір 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, 8 елді мекен жарықты жекеменшік жүйеден алады.
Жыл соңына дейін «Ақжар» қосалқы станциясы мен 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады.
Олар: Достық, Батыс, Нұртас, Сәуле-276 орам, Тұран, Солтүстік саяжай, Жаңаталап, Нұртас шағынаудандары. Нәтижесінде қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 97%-дан 99%-ға жетпек.
2023 жылы Шымкент қаласының тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту көзделуде.
Бүгінде қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынып келеді. Атап айтқанда, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алаптары.
Қазіргі таңда қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-дан 99%-ға жетеді.
Сондай-ақ, ауыз суды кестемен пайдаланатын Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерін ауыз сумен қамту құрылысы және ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға берілетін болады.
Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Яғни, табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады.
Нәтижесінде қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газге қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарлануда.
Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе екенін шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы ұдайы айтып, жауапты сала басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей қарауды қадағалап келеді.
Сонымен қатар, коммуналдық-шаруашылық, жалпы құрылыс саласында мамандарды сырттан емес, жергілікті кадрлармен жасақтау, жергілікті тұрғындарды осы салаға көптеп тарту керектігі қала әкімдігінің басты назарында.
Мөлдір Кенжебай