Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Белгіленген көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған.
Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астамы пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар.
Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.
50 шақырым көшенің жол сызықтары жаңартылды.
Шымкент қаласында биылғы жылы 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылатын болады. Жалпы бүгінге дейін 50 шақырым көшенің жол сызықтары жаңартылды.
Аталған жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеу мақсатында түнгі уақытта сызылуда. Жүргізілген жұмыстар барысында Бақбаев көшесінің жол сызықтары, Тайманұлы көшесінде орналасқан мешіт тұсындағы жаяу жүргінші өткелі, Әділбек Керімше және Аманқұлов көше қиылыстарындағы жаяу жүргінші жолы, Рысқұлбеков-Мәделі қожа көшелері қиылысындағы бағдаршамды жаяу жүргіншілер өткелі, 1 мамыр көшесінің Театральная және Жарқынбеков көшелері аралығы жаңартылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Ұлағат шағынауданында 16 көшеге тас төселеді.
Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек бүгінде 14,5 мыңға жуық халқы бар Ұлағат шағынауданы ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен 100 пайыз қамтылғанын айтты.
Ықшам ауданда 52 көшенің 31 асфальтталған, шағал тас төселгені - 21. Биыл кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілген 16 көшеге тас төсеу жоспарлануда. Ал, 2023 жылы 19 көшені асфальттау жоспарда бар.
Ұлағатта 2 248 абонентті қамтитын кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың соңында құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Аталған аумақта 8 көше жарықтандырылған. 2021 жылы Спатаев пен К.Тленшин көшесі жарықтанса, биыл Айдын көшесіне кешкі шамдар орнатылады. 2023-2025 жылдар аралығында 10 көше жарықтанады.
Үшінші мегаполисте «i-Shymkent» ситуациялық орталығы тұрғындар тарапынан 109 бірыңғай байланыс нөміріне келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың орындалуына тікелей жауапты мекеме. Аталған орталықтың басшысы Азат Әміртаевтың айтуынша, өткен сәуір айында барлығы 9967 арыз-шағым келіп түскен. Аталған өтініштердің 9407-і орындалған болса, 500-ден астам сауал қаралуда.
«Келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі. Сәуір айына бұл саладағы өтініштердің 96 пайызына жауап берілген. Жалпы жыл басынан бері осы сала бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарды орындау нәтижесінде 4467 қоғамдық көлік мәселесі шешімін тауып, мәселелер 15 пайызға төмендеді. Сонымен бірге заңсыз орнатылған 47 жарнама алынып, 157 жол белгілері қойылып, жолақтар сызылды. 84 көшеге асфальт төселініп, ойық жерлер қалпына келтірілді», - дейді А. Әміртаев.
Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» айналма жолының құрылыс барысымен танысты. Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейін жүргізіледі.
2021-2022 жылдарға жоспарланған жол құрылысының ұзындығы – 16 шақырым. Құрылысты «Корпорация Береке-А» мердігер мекемесі жүргізіп отыр.
Айналма жолдың Шымкент-Ташкент тасжолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жол жабынының жерді қысымдау жұмысы атқарылуда.
Құрылыс нысанының 6 учаскесінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынған. Биыл жолайрық құрылысы, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің орнын ауыстырылуда. Жобаға сәйкес 4 орыннан жауын суына арналған Д1000, Д1500 құбырлары орнатылып жатыр.
Қазіргі кезде 6 учаскеде 14 экскаватор, 45 самосвал, 8 каток, 5 грейдер, 1 бульдозер, 4 водовоз, 3 погрузщик, 1 бензовоз, жалпы саны 81 техника қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар қала әкімі Мұрат Әйтенов Д.Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2 және 3 кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Орындалған әрбір жұмысқа зертханалық сынақтамалар жүргізіліп, сапасы тексерілуін тапсырды.
Сондай ақ, Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша инженерлік желілерді орнын ауыстыру, мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру жұмыстарымен қатар ұзындығы 0,561 шақырымды құрайтын үшінші кезеңі бойынша қазіргі уақытта жол мен аяқ жолдардың негізін әзірлеу, абаттандыру және жер үсті жаяу жүргінші өткелін жасау жұмыстары атқарылуда.
Шымкентте ауызсу бұрқақтары қайта іске қосылды.
Шымкент қаласындағы 5 орында орналасқан ауызсу бұрқағы қайта іске қосылды. Мұндай су бұрқақтары өткен жылы Әл-Фараби ауданының демеушілері тарапынан адам көп шоғырланатын орындарға қойылған болатын.
Қыс мезгілінде уақытша жабылған ауызсу бұрқақтары бүгінде қала қонақтары мен тұрғындарына Иляев - Қонаев қиылысы, Арбат саябағы, Түркістан көшесі 55, «Мацарелло» мейрамханасы алды мен Hyper House ойын-сауық орталығының маңында қайта қолжетімді болды.
Жақын күндері Әл-Фараби ауданында ауызсу бұрқақтары жаңадан тағы 6 жерге орнатылмақ.
Мөлдір Кенжебай