Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен күштік құрылым қызметкерлеріне тіркелген автокөліктер еліміздегі ақылы жолдарда тегін жүре алады, деп хабарлайды Paryz.kz, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына осындай норма енген.
«Ақылы жолдармен тегін жүру нормасы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және қызметін атқарып жүрген күш құрылым қызметкерлеріне тіркелген автокөліктерді қамтиды. Елімізде ардагерлер саны жыл сайын азайып келеді. Біз оларға теңестірілгендер санатын да қарастырып отырмыз. Қазіргі кезде тиісті есептеулер жүріп жатыр», - деді Мәжілісте журналистер сауалына жауап берген А. Рау.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу.