Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкентте өнеркәсіп саласында оң өсім байқалады

Еліміздің үшінші мегаполисінде «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Мен кәсіпкер боламын» мемлекеттік бағдарламалары қаладағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі драйвері. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шағын және орта бизнес шаһар экомикасының локомотиві екенін айтып келеді.

Шымкентте өнеркәсіп саласында оң өсім байқалады
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте өнеркәсіп саласы өткен жылы кәсіпорындарымен 785,4 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өңдеу өнеркәсібінде 679,1 млрд. теңге көрсеткіш көрсетіп,  алдыңғы жылғы көрсеткіштен 5,0 пайызға өскен. Оның ішінде:

• мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 7,8 %;

• жеңіл өнеркәсібі 2,7 %; 

• сусындар өндіру 13,1 %; 

• химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1,9 %; 

• дайын металл бұйымдарын өндіру 28,2 %;

• машина жасау 42,8 %;

• қағаз өндіру 13,0 %-ға өсті.

Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 103 пайызға артқан. Шаһарда өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,7%-ға өскен.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Әзімбердиевтің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша біршама көрсеткіштерде өсім байқалады. ШОБ субъектілерімен өндірген өнім көлемі – 1 097,5 млрд. теңге, өсім 103,2% құрады; жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі – 41,3% жетті, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34% құраған.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өткен жылы жалпы 2 525 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде:

- сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша - 1 357 жоба;

- ішінара кепілдендіру бойынша - 1 126 жоба;

- жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік гранттар беру бойынша 39 грант берілді;

- өндірістік инфрақұрылымды жеткізу бойынша - 3 жоба.

Мегаполисте шағын және орта бизнесті дамыту шаралары жыл өткен сайын жалғасын тауып, қалада кәсіпкерлер санының артуына септігін тигізіп келеді.

«ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ» БОЙЫНША 79 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Шымкент қаласында өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие сомасы 74,5 млрд. теңгені құрайтын 79 жобаға қолдау көрсетілді.

–«Еңбек» бағдарламасымен 74 шағын несие, 784 грант берілген. «Бизнес-бастау» жобасы бойынша 2 095 адам оқытудан өтті. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 674,5 млн.теңгеге 65 шағын несие берілді.

Бұл жылы шағын және орта бизнесті дамыту және қолдауға 15,6 млрд. теңге қарастырылып отыр, бұл қаражат «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде мынадай бағыттар бойынша іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, банк несиелерін субсидиялау және кепілдендіру – 2 000 жоба; мемлекеттік гранттарды ұсыну – 1 190 жоба, - дейді басқарма басшысы Біржан Қанатұлы.

ИНВЕСТИЦИЯДА ОҢ ӨСІМ ТІРКЕЛДІ 

Сондай-ақ Шымшаһарда экономиканың барлық салаларында, инвестиция тартуда оң өсім байқалады. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және отандық ғылымды дамыту мәселелері қаралған болатын. Сонда ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, Маңғыстау облыстарында жоғары өсім байқалып отырғанын тілге тиек етті. Шымкент қаласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 84 пайызға артқан. Шаһарда жеті негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң өсім тіркелді. 

Өңдеу өнеркәсібі бойынша барлық өңір оң динамикаға қол жеткізген. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,1 пайызды құрайды. Есепті кезеңде елімізде 2.9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шымкентте бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артып отыр.

Сонымен қатар, инвестиция саласы бойынша 2021 жылы қала экономикасына - 462 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60,3%-ға артты.

Ал 2022 жылғы жоспар бойынша – 538 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы осы сала бойынша алдағы 5 жылда 4,6 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

«ІСКЕР ҚАЛА» ӨҢІРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан басқа «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде жас және әйел кәсіпкерлер үшін жылдық 1%-бен 10 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер қарастырылған.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік парктерді дамыту үшін шаралар қабылдануда. Ол бойынша кәсіпкерлерге тоқтап тұрған өндірістік кәсіпорындардан өнеркәсіптік алаңдар беріледі. Сондай-ақ өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін 2%-бен 50 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер беріледі.

«Іскер қала» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.  Бағдарлама 3 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт — өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттардың ішінде өндірістік парктер құру. Екінші бағыты – ауылшаруашылық кооперативін құру арқылы якорлы кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету. Үшінші бағыт – 1000 сауда нүктесі.

Жалпы, осы «Іскер қала» бағдарламасының іске асырылуы арқылы 3 жылда 13,3 млрд.тг. инвестиция тартуға, 2,8 мың жаңа жұмыс орнын құруға, 1 мыңнан астам жаңа кәсіпорындардың ашылуы межеленген. Нәтижесінде бюджетке жылына 103 млн.тг. салық түсуі күтілуде.

Былтыр Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағының жанынан «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өндірістік парк «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған пилоттық жоба.

Мұндағы барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндірістік алаңдар кәсіпкерлерге ұсынылатын болады. Парктің жалпы алаңы 4,4 га құрайды. Оның 3 мыңға жуық текше метрі өндірістік алаңдар үшін, ал, 1 мыңнан астам текше метрі кеңсе алаңы үшін жалға беріледі.  

Қалада шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бұдан өзге мемлекеттік бағдарламалар да сәтті жүзеге асып келе жатыр.

Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қалада бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер боламын» жобасымен әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 10 млн. теңгеге дейін 1%-дық 6 шағын несиелер беру қарастырылған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істейді.  Ал, осы жылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent – Atameken» микроқаржы ұйымы құрылды. Бұл жұмыстардың барлығы кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр.

Жобаның  бірінші кезеңінде 15 резидентті орналастыру жоспарланған, бүгінде 69 жұмыс орнын құрумен 8 жоба орналастырылған. Жобаның екінші кезеңінің құрылысы 2022 жылы аяқталатын болады.

 

Мөлдір Кенжебай