Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпорындар

Шымкент қаласында «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бүгінде бұл аймақтарда Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен келген шетелдік және қазақстандық  инвесторлардың қатысуымен 11 мың жұмыс орнымен 300 млрд.теңгеге 189 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 160 млрд. теңгеге 124 жоба іске асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпорындар
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылуда. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және т. б. салаларда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 200 млрд. теңгеден астам сомаға 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде.

Бүгінгі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағында жалпы инвестиция құны 54,8 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асырылып, 2390 жұмыс орындары құрылды.

2020 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемінің өсімі 2021 жылы екі есе ұлғайып 30,3 млрд.теңгені құрады, экспорт көлемі 1,5 есе ұлғайып 13,5 млрд. теңгені құрады, жұмыс орындарының саны 1690 адамнан 2390 адамға жетті.

«Оңтүстік» АЭА кәсіпорындарының өнім экспортының географиясы әлемнің 24 мемлекетін қамтиды.

2021 жылы жалпы құны 12,277 млрд.теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 277 жұмыс орындары ашылды. Бұл жобалардың қатарында бірқатар жаңа жобалар да бар:

1. «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС 1 кезеңі - метил трет бутил эфирінің өндірісі;

2. «SAGITEX GROUP» ЖШС - көпсалалы тігін фабрикасы;

3. «BAIKRA» ЖШС - гигиеналық мақсаттағы қағаз өндірісі.

2021 жылдың қорытындысы бойынша «Оңтүстік» АЭА Басқарушы компаниясы жалпы инвестиция көлемі 28,4 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба тартты. Бұл жобалардың аясында 2000-нан астам жұмыс орындары құрылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында құны 62,01 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 3000-нан астам жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

2020 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында Жеңіл өнеркәсібінің құзыреттілік орталығы іске қосылған болатын. Аталған орталықтың 40 түлегі 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Оңтүстік» АЭА-ның фабрикаларына жұмысқа орналасты. Жалпы 2021 жылы «Оңтүстік» АЭА кәсіпорындарында Жеңіл өнеркәсібінің құзіреттілік орталығының 150-ден астам студенті оқу және өндірістік іс-тәжірибеден өтті.

Сонымен қатар, 2021 жылдың ақпан айында «Альянс» СӨК» ЖШС (2015 жылдан бері тоқтап тұрған Ютекс, Ютекс KZ, Меланж кәсіпорындары атымен танымал) және «Azala Textile» ЖШС кәсіпорындарының аумақтары «Оңтүстік» АЭА аумағына субаймақ ретінде қосылып, «Оңтүстік» АЭА қатысушысы мәртебесін алды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындар өндірген өнімнің жалпы көлемі 8,6 млрд.теңгені құрап, 2,5 млрд. теңге көлеміндегі өнім экспортталды. Бұл кәсіпорындарда 800-ден астам адам жұмыс орнымен қамтылды.

АЛЮМИНИЙ БАНКАЛАРЫН ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «KazAlPack» ЖШС алюминий банкаларын шығарушы зауыт құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен қаржыландырылған «KazAlPack» аллюминий банкалар өндірісі жыл соңына дейін іске қосылмақ.  157 жұмыс орнымен ашылатын жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 500 млн дана қалбыр банкалар шығаруға қауқарлы.

Жоба аясында сыраны, шырындарды, газдалған және газдалмаған әлсіз алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі оңай ашылатын қақпақтары бар, алюминий банкілерін шығару жоспарлануда.

Қазіргі таңда өндірістік және қойма үй-жайларын салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізілуде. Бүгінде 80 % құрылыс монтаж жұмыстары аяқталды.

Экологиялық аспект маңызды факторлардың бірі. Алюминий банкі – әлемдегі экологиялық ең таза және қайта өңделетін қаптама. Алюминий банкаларының жартысынан көбі қайта өңдеуге жіберіледі. Оны қайта өңдеуге және қайтадан шексіз пайдалануға болады.

 «ФИРМА ДАНА» ЖШС ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ШЫНЫ ӨНДІРУДЕ

«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Фирма Дана» ЖШС шыны өндіруші кәсіпорны қарқынды жұмыс істеуде. 2012-2014 жылдары жүзеге асырылған кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр шыны өндіруде. Жоба құны – 500 млн теңге. Бүгінде 55 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Дайын өнімдерді 100 % ішкі нарыққа шығарады. Шымкент қаласындағы әйнек өндірісіне маманданған бірден-бір кәсіпорын.

Жаңа технологияға негізделген шыны қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстайды.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие қарызын субсидиялау, индустриалды аймақтан жер беру сынды мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.

ШЫМКЕНТТЕ ТӘУЛІГІНЕ 1000 ШАРШЫ МЕТР ТРАВЕРТИН ТАСЫ ӨНДІРІЛЕДІ

Шымкент қаласында травертин өндіретін «Бесқұдық тас» зауыты еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында іске қосылған.

«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан өндіріс орнындағы үш цехта тасты қайта өңдеп, құрылысқа қажетті пішіндегі материалдар шығарады.

Кәсіпорын тәулігіне 1000 шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Өнімдердің 80 пайызы ішкі нарықты қамтуға бағытталған. Дайындалған травертин материалдар қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне, әр түрлі декортивті ескерткіштер мен мүсіндерге қолданылып отыр.

–Кәсіпорыннан ешқандай қалдық шығарылмай қайта өңделеді. Үш цехта да тас кесу жұмысы сумен бірге атқарылады. Кесуде қолданылған су 400 тонналық 5 бассейнге жиналады. Құрамындағы майда тас қиыршықтары сүзгіден өткізіліп, оны гидроқысым арқылы 4 түрлі кірпіш өндіріледі,-деді «Бесқұдық тас» ЖШС директорының орынбасары Жаңабек Сопаев.

Сонымен қатар, бұл жерде өндірілген тас өнімдері сапа стандартына сай келеді. Әрі радиация бөлмейтін  таза экологиялық тауар саналатындықтан алыс жақын шет елдерден сұраныс артып келеді. Бүгінде Өзбекстан, Ресей және БАӘ елдерінен де тапсырыс түсіп отыр.

Өндіріс орнында 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алыс ауданнан келетін жұмысшылар үшін 45 адамға арналған жатақхана да қарастырылған. Сондай-ақ, жұмысшылар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

 

Мөлдір Кенжебай