Сенатор балабақша қызметкерлерінің жалақысын қайта қарауды ұсынды

Мектепке дейінгі мекеме мамандарының тең жартысында мамандандырылған салалық білім жоқ.

Сенат депутаты Динар Нөкетаева депутаттық сауал жолдап, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жүйелі шешімді қажет ететін күрделі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz, Informburo.kz-ке сілтеме жасап. 

Сенатор балабақша қызметкерлерінің жалақысын қайта қарауды ұсынды

Депутат мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі мәселелерге қаржыландыру, жалпы және ғылыми тәсілдер, кадрлық қамтамасыз ету салаларындағы түйткілдерді жатқызады. 

"Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 3 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақша топтарын ашу уақыт күттірмейді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдай мен болжау деректерін талдау негізінде өңірдің стратегиялық жоспарымен байланыстыра отырып, мектепке дейінгі саланы дамытудың қысқа мерзімге арналған кешенді жоспарын әзірлеуі қажет", – деді Динар Нөкетаева.

Оның ұсынысына сәйкес, өңірде жан басына шаққандағы қаржыландыру коэффициентін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Ол сараланған және мөлшерлемелік ақы төлеу жүйесінің тетіктерін пайдалана отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды ұсынды.