Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ертеңнен бастап қызметкерлердің жұмыста жаттығу жасауы міндетті ме?

"Тым тар жұмыс орындарында немесе зауыттарда жаттығу жасау өте қиын деп ойлаймын. Ол жерде жаттығу жасауға жағдай жасалмаған", - дейді дистрибуция менеджері Алтынай Өмірзақ.

Ертеңнен бастап қызметкерлердің жұмыста жаттығу жасауы міндетті ме?
фото: 24.kz

Елде қызметкерлердің жұмыс орнында жаттығу жасау ережелері 10 қарашада күшіне енеді. Яғни, жұмыс беруші қызметкердің жасына және жынысына байланысты жаттығуларды дайындауы керек. Бұдан бөлек, жаттығулар жұмыс күнінің бірінші жартысында 10-15 минут уақытқа дейін созылуы тиіс, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

"Бұл – қарапайым жаттығулар. Денсаулықты нығайту және қызметкерлердің жұқпалы ауруға шалдықпауы үшін ұйымдастырылады. Ұйымда физикалық жаттығулардың жүргізілуін тексеру қарастырылмаған. Жұмыс берушінің өзі біледі. Дегенмен, жұмыс беруші өз қызметкерінің денсаулығы үшін таңдау жасап, салауатты өмір салтын насихаттауды алға тарту қажет", - дейді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас сарапшысы Әйгерім Садубаева.

"Денсаулық – зор байлық" демекші, бұл да дұрыс шығар. Алайда, зауыт немесе кіші кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер қайтпек? Санитарлық талаптарды орындай ала ма? Мәселен, қашықтықты сақтаудың өзі қиын. Бетперде киіп, физикалық жаттығу жасау да қолайсыз секілді.

"Бетпердемен қолайсыз, әрине. Бірақ, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Жұмыстан бір сергіп қалуға да жақсы екен. Дегенмен, тым тар жұмыс орындарында немесе зауыттарда жаттығу жасау өте қиын деп ойлаймын. Ол жерде жаттығу жасауға жағдай жасалмаған", - дейді дистрибуция менеджері Алтынай Өмірзақ.

Еске салайық, бұл норма Мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексті талқылау барысында ұсынылған болатын.