Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Түтінге тұншыққан": Шымкентте отпен ойнаған балалар құтқарылды

10 мамыр сағат 18.45-те "112" құтқару қызметіне құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесінен өрт шыққан туралы хабар келіп түсті, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап. 

"Түтінге тұншыққан": Шымкентте отпен ойнаған балалар құтқарылды
Сурет: Exk.kz

Шымкенттік өрт сөндірушілер төтенше жағдай кезінде 2 баланы құтқарды.

11 және 12 жастағы балалар жертөледе отпен ойнап, салдарынан өрт шығып, бөлменің ішін қара түтін басқан. Сыртқа шыға алмаған жеткіншектер құтқару қызметіне хабарласқан.

Оқиға орнына шұғыл түрде мамандандырылған жасақ қызметкерлері жөнелтілді.

Түтінге тұншығып, қорыққан балалармен "112" қызметкерлері үнемі хабарда болды. Жедел кезекшінің нұсқау бойынша балалар үстіндегі киімдерімен тыныс жолдарын жауып, барынша түтіннен қорғану амалдарын жасап отырды,

— делінген хабарламада.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тез арада қою түтін басқан жертөлеге кіріп, балаларды арнайы тыныс алу аппараттарына қосып, сыртқа шығарды. Кейін жеткіншектер апаттар медицина орталығы филиалының мамандарына табысталды.

Жертөледегі 6 шаршы метр аумақта қоқыс өртенген. Өрт сағат 19:12-де ауыздықталып, 19:31-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 3 техника, жеке құрамнан 13 адам, апаттар медицина орталығы филиалыныңың 1 бригадасы жұмылдырылды.