Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Тормоз" болмасаң болды": Отандық жұлдыздар әскерге барған кездерін еске алды

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Экспресс К тілшісі отан алдында борышын өтеген отандық шоу-бизнес жұлдыздарының пікірін білген еді, деп хабарлайды Paryz.kz.

"Тормоз" болмасаң болды": Отандық жұлдыздар әскерге барған кездерін еске алды
Суреттте Айбек Жансеитов (Беркут) / Сол жақтан екінші қатар жетінші

Танымал продюсер Қыдырәлі Болманов КСРО кезінде әскерге аттанған. Ол Манғышлақ пен Иранның түйіскен жері, теңіз жағасында орналасқан арнайы батальонда міндетін атқарыпты.

"Әскерде екі жыл бойы күнде 45 секундта киінетінбіз, екі жыл бойы физикалық жаттығу жасадық. Әр сәрсенбіде 3 шақырым, әр сенбі сайын 6 шақырым, квартал сайын 25 шақырым жүгіретінбіз. Еден жуған жоқпын, төбелестім, өте тентек болдым. Әскердегі достарыммен араласып тұрамын. Біздерде арнайы чат бар. Сол жерде амандығымызды біліп, әзілдесіп, ораза айында бір-бірімізге тілек тілеп, мерекелерде құттықтап жатамыз. Мен үшін әскерге бармау мүмкін емес сияқты. Өйткені, әскерге бармасаң сен көп нәрсені түсінбейсің. Ер адам борышын өтеуі, әрі дайындықтан өтуі керек қой. Дайындық деген — екі жыл нәпсіңді тию, екі жыл қиындыққа шыдау, таңнан кешке дейін маза таппай бәрін үйрену, қару ұстау. Соның бәрінен өтпей, ер адам толық еркек бола алмайтын сияқты. Әскер батырлыққа үйретеді, жауынгерлікке үйретеді. Жас жігіттерге айтарым, әскерге міндетті түрде бару керек. Өйткені алдағы өміріңде жеңілдік әкеледі", — дейді Қыдырәлі Болманов.

Әнші Бүркіт 1995-1997 жылдары әскери өмірді бастан өткерген. Ата-анасынан жырақ кеткен ол Бурабайда отан алдындағы борышын өтепті.

"Әскер деген тамаша. Әскерде жүріп кешікпеуді үйрендім. Менде кешігу деген жоқ. Әскерден қалған әдет. Содан кейін әскер сабырлыққа үйретеді. Ол жақта "тормоз" болмасаң болды. Сондай болып қалсаң елдің артында жүресің. Ылғи да бір нәрселерді сыпырып жүресің, жуып жүресің. Содан кейін әскерде лақап ат болады. "Амбал" — менің әскери лақап атым. Ұлдарымды кейін әскерге жіберемін. Одан қорықпаймын. Әскерде сатқындықты да көресің, адал достарды да табасың. Ол жерде өздігімен өмір сүруді үйренеді. Әскери формамен үйге аман-есен оралу ерекше сезім. Ол эмоция ешқашан қайталанбайды. Әскер үлкен мектеп", — дейді Бүркіт.

Бүркіттен бөлек, әскери билеті бар әртістердің санатында Медеу Арынбаев, Ұлықпан Жолдасов, продюсер Алтынбек Рахметов, Ерік Тастембеков және "Меломен" тобының солисі Қайрат Мырзаханов та бар. Ал әнші Өмірқұл Айниязов бала кезден сапқа тұрып, сарбаз болуды армандағанымен, отан алдындағы борышты өтеу бұйырмағанын айтады.

"Бозбала шақта әскерге барғым келетін. Бірақ әскерге мені шақырған да жоқ. Өйткені менің оқуым мен отбасын құруым сол кезеңге тұспа-түс келді. Музыкалық колледжде төрт жыл, консерваторияда төрт жыл оқыдым. Мен негізі екінші курста үйлендім. Ол кезде бір балам бар еді. Сөйтіп 24 жасқа келдім. Бір қызығы, менің жалғыз ұлым да өнер жолында. Ол да қазір студент, келер жылы үйленемін деп отыр. Негізі әскерге бару керек деп ойлаймын", — дейді Өмірқұл Айниязов.

Жастайынан шығармашылыққа бет бұрып, отан алдындағы борышын өтемеген өнерпаздардың тізімінде "Музарт", "Жігіттер" тобының мүшелерінен бөлек, қазіргі жас буын — Әmre, Мирас Жүгінісов, Qanay сынды шоу-бизнес жұлдыздары бар.