Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Алматы мен Жетісу облысының бөлінуі ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Алматы облысы екіге бөлінеді. Бірі Жетісу деп аталып, орталығы Талдықорған қаласы болып бекітіледі. Ал екінші облыстың орталығы Қапшағай қаласы болады, Алматы облысы деп аталады.

Алматы мен Жетісу облысының бөлінуі ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартады
Сурет: ашық дереккөз

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, екі облыс бұрынғы Талдықорған және Алматы облысы әкімшілік бөлінісі негізінде бөлінді. Бұл облыс тұрғындары арасында келіспеушілік тудырмау мақсатында жасалды. Жетісу облысының құрамына екі қала (Талдықорған, Текелі) мен сегіз аудан кіреді.

#Алматы облысында әлеуметтік инфрақұрылымға назар аударылады

«Жетісу ауданында 352 елді мекен болады. Бұл өте ауқымды территория болмақ. Мұнда 666 мың адам болады. Алматы облысының құрамына бір қала (Қапшағай қаласы), тоғыз аудан кіреді. Алматы облысында бір миллион төрт жүз мыңнан астам адам тұрады. Яғни қазіргі үлкен Алматы облысы тұрғындарының 68%-і кіреді. Келешекте Алматы облысында әлеуметтік инфрақұрылымда күрделі мәселелер болуы мүмкін. Мұнда үш мезгіл оқытатын елуден астам мектеп бар. Ал жаңа Жетісу облысында мұндай мектеп жоқтың қасы. Ал облыстағы мұндай мектептің мәселесін алдағы 2-3 жылда шешу қажет. Туу көрсеткішінің жоғары болуынан, иммиграция әсерінен мұнда мектеп жасындағы балалардың саны артып келеді. Мұнда туу көрсеткіші жыл сайын елу мыңды құрап отыр», - деді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев облыстың екіге бөлінуіне қатысты берген сұхбатында.

Енді облыс екіге бөлінген соң білім ордалары мен денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелер саны артады. Яғни әлеуметтік инфрақұрылымда бірқатар өзгеріс болады.

Мысалы, Алматы облысындағы мектептерде үш ауысымды жою үшін және орын тапшылығы болмауы үшін 2021-2025 жылдары 115 мектеп салынуы қажет. Жоспар бойынша 2021 жылы салынуы керек 17 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 137 мектепті модернизациялау бойынша жұмыс жүргізілді, оған 11,3 миллиард теңге бөлінген. Бір жылда облыста шамамен 130-дан астам балабақша ашылды.

Жетісу облысына келсек, мұнда әлеуметтік инфрақұрылымда аса қатты өзгеріс болмайды. Себебі біріншіден, халық саны аз, екіншіден қазіргі әлеуметтік нысандар оған толық жауап бере алады. Дәл қазір болашақта бөлінетін екі облыс тұрғындарының табысы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Сол себепті халық көрші аудандарға қоныс аудармауы үшін екі жақты бір-біріне теңестіру қажет. Соның алдын алу үшін, Алматы облысы тұрғындарының саны артып, Жетісу облысындағы халықтың азайып кетпеуі үшін бұл маңдағы экономиканы қарқынды түрде дамыту қажет.

Қанат Бозымбаев облыстардың экономикасына қатысты айтқан сөзінде Жетісу облысы тұрғындарының табысын арттыру қажет екенін айтқан. Ал ол үшін дамудың арнайы жоспары, кешенді жоспар түзілуі қажет.

Ал облысты бөлу, әкімшілік бөлініс басқару жағынан тиімді болмақ. Себебі 500 шақырым жерде отырып облысты басқару оңайға соқпайды. Бұл жағынан әкімдік басқармаларында жұмыс істейтін мамандарға да, тұрғындарға да тиімді болады.

Алматы облысы – агроиндустриалды аймақ. Бұл энергия көздерін өндіруге де өте тиімді аймақ. Фубпроцессинг пен аграрлық сала жақсы дамыған. Дәл қазір Алматы облысы агро саласында республика бойынша өнімге байланысты 15-20% құрайды. Алма, түрлі көкөністі сақтау үшін сақтау қоймалары қажет. Талғар ауданында құрылыс саласындағы индустрия жақсы дамыған. Арасында шетелден салымшылар тартылған зауыттар да бар. Алматы облысы ең алдымен Алматыны, облысты қамтамасыз етеді.

#Облыс бөлінісі несімен тиімді?

Алматы облысының тұрғыны Жомарт Қасымның айтуынша, бұл бастама ең алдымен облыс құрамындағы елді мекеннің санының азаюына әкеледі, сол арқылы оларға бөлінетін көңіл де артады.

«Бұл өзгерістерден кейін бір облыстың құрамындағы ауыл саны екі есе азаяды. Азайғаннан кейін облысқа бөлінген қаражат та көбейеді. Әр облысқа жеке-жеке қаражат бөлінген соң құрамындағы ауылдарға, елді мекендерге көбірек көңіл бөлінеді. Қазір көп ауылда газ жоқ. Енді сондай ауылдарға газ келіп, су тапшы ауылдар сумен қамтамасыз етілуі мүмкін. Қазіргі кезде көптеген ауылдың балалары ескі мектептерде оқиды. Олардың бәрі жаңару ықтималдығы жоғары. Жолдар салынып, бұл бастамадан кейін ең алдымен ауыл көркейеді деп сенемін», - дейді Жомарт Қасым.

Ал өңірдің экономикалық дамуына келсек, облысты асырап отырған ауылдық жерлер. Бұл жерлердегі халық ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысады. Субсидия бөлініп, осы сала қарқынды дами түспек.

«Халықтың әлеуметтік жағдайы облыстың экономикалық жақтан дамуына тікелей байланысты. Бір жағынан әр облысқа жеке дара көңіл бөлінген соң өңірдегі жұмыссыздардың саны азаюы да мүмкін. Екі әкімдік, екі полиция департаментінің құрылуының өзі біршама жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді», дейді алматылық.

Жомарт Қасым – Алматы облысы Талапты ауылының тұрғыны.

«Көксу ауданы Талапты ауылы Алматы облысының құрамына жатады. Ауыл Көксу өзенінің бойында орналасқан. Ауылда бірқатар жағдай жасалған, алайда әлі күнге дейін газ жоқ. Ауылдың адамдары өте еңбекқор: мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дөңгелетіп, еңбек етіп отыр. Ауылда негізінен халық қант қызылшасы мен картоп егеді. Көксу ауданында қант зауыты бар. Ол зауыт былтыр күрделі жөндеуден өтті. Соның арқасында қант қызылшасы көбірек егіле бастады. Себебі ауыл тұрғындары өнімін қайда апарып өткіземін деп уайымдамай, зауытпен бірлесе жұмыс істей алады. Бұл зауытқа жөндеу жұмыстары жүргізілмей тұрғанда тұрғындар картопқа көбірек көңіл бөлді. Алайда салыстырмалы түрде қант қызылшасынан түсетін пайда көбірек», - дейді Жомарт Қасым.

Алайда ауыл тұрғындары картопты да, қант қызылшасын да егіп отыр.

Одан бөлек ауыл халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда бірнеше шаруа қожалығы мал бордақылап, оны жеткізумен айналысады.

Айта кетері, Алматы облысының 2025 жылға дейінгі жоспарында қант қызылшасы өсірілетін аумақты 53 мың гектарға жеткізу бар. Соған байланысты өндіріс көлемі де екі миллион тоннаға дейін артады. 2030 жылға дейін суармалы жер көлемі 3 миллион гектарға дейін жеткізілмек. Кейінгі 3 жылдың ішінде 40 гектарға жуық бұрын шығып қалған суармалы жер тартылып, 2021 жылы 14 мың гектар қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілді.

Алматы облысы ауыл шаруашылығының ішінде мал шаруашылығына да ден қойған. Мысалы бір жыл ішінде құс шаруашылығында 2% өсім байқалады. Облыс өзін мал азығымен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті елімізде құрғақшылық қиындығына тап болған өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге қауқарлы, мысалы былтыр Маңғыстау облысына 54 вагон шөп жіберілген.

Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өндірілген өнімінің көлемі 25%-ке өсіп, 97 миллион долларды көрсетті.

#Қапшағай облыс орталығы болады

Жомарт Қасым бұған дейін Алматы облысы әкімдігінде жұмыс істеген. Айтуынша, бұған дейін аудандардағы әкімдік қызметкерлері бір жиналыс үшін бірнеше сағат жол жүріп келген.

«Бұрын әкімдік қызметкері болғандықтан, көп дүниеге көзім жетті. Бір жиналыс болатын болса, аудан мен қала әкімдіктеріндегі қызметкерлер шалғай жерден Талдықорған келетін. Панфилов ауданы, Райымбек ауданы, Талғар ауданы – бәрі Талдықорғанға келетін. Оларға Талдықорғанға қарағанда Қапшағай екі есе жақын. Бұл жұмыс өнімділігін арттыратыны сөзсіз.

Қазір Қапшағай қаласында алпыс мыңға жуық адам тұрады. Облыс орталығы болған соң қаланың тамырына қан жүгірері сөзсіз. Қала елу жыл бұрын қалыптасқан.

«Елу жыл бұрын ештеңе болмады. Екі қабатты үйлер болды. Ол жерде негізі жұмысшылар тұрды. Ең алдымен мұнда мектеп салынды, артынан тұрғын үйлер бой көтере бастаған», дейді Қапшағай қаласының құрметті азаматы Ізтілеу Тойшыбаев.

Жас кенттің алғашқы тұрғындары – жұмысшылар мен энергетиктер. Сол кездегі су электр станциясы да Қапшағайдың тіршілігіне серпін берді.

Айта кетері, мемлекет басшысы егер жұртшылық Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуді ұсынса, бұл пікірге қосылатынын айтты. Көп ұзамай Алматы облысының бірқатар үкіметтік емес ұйымдары Қапшағай қаласын қайта атау туралы бастама көтерді.  Артынша Қапшағай қалалық мәслихатының отырысы өтті. Ол жерде Қапшағай қаласының атауын Дінмұхамед Қонаев деп өзгерту мәселесі қаралды.

Содан кейін наурыздың аяғында Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясы Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады.

Комиссия мүшелері Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыс жүргізу үшін Алматы облысының әкімдігіне жолданады.