Елімізде кем дегенде 1 145 000 отбасы қиын жағдайда өмір сүруде. Бұл туралы "Отбасы істері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің" төрайымы Динара Закиева баспасөз алаңында айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, мемлекет берген мүмкіндікті қолдана отырып, бұл отбасылардың барлығын қиын жағдайдан құтқаруға болады.
"Әлеуметтік, медициналық көмектің бар екенін білмейтін отбасылар жетерлік. Алдыңғы аптада Нұр-Сұлтан қаласында 12 жастағы ұл баланың ешқашан мектепке бармағанын білдік. Оның білімге қатысты ерекше қажеттіліктері болуы мүмкін. Диагнозы белгіленбеген. Енді ғана тексерістен өтпекші. Өте қиын жағдайда өмір сүруде. Бұл - бір ғана мысал", - дейді Динара Зәкиева.
"Елімізде кем дегенде 1 145 000 отбасы қиын жағдайда өмір сүруде. Олардың барлығымен жұмыс жүргізу қажет. Өмірлік қиын жағдайда күн кешіп жүрген жандарды мемлекет те барынша қолдайды", - деп атап өтті кеңес төрайымы.
Сонымен қатар, "Абилитация”"ұғымының заңды түрде енгізілгені айтылды.
"Балалардың мүгедектігін ерте анықтау арқылы реабилитация нәтижесін тезірек көруге болады", - дейді Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы, "Отбасы істері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің" мүшесі Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар балаларды қалыпты өмірге бейімдеу үшін бірқатар жұмыстар жоспарда бар екендігі айтылды. Солардың бірі - оңалту орталықтарын ашу және қолжетімді ету. Елнұр Сабыржанұлы Елбасы жанындағы қормен бірге бұл мәселе өз шешімін тауып келе жатқанын жеткізді.