Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Абай облысының құрылуынан жергілікті жастар не күтеді – семейлік белсендімен сұхбат

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурызда Қазақстан халқына жолдау жасап,  елімізде тағы үш облыс құрылатынын мәлімдеді. Оның бірі Шығыс Қазақстан облысында Абай облысы болады.

Абай облысының құрылуынан жергілікті жастар не күтеді – семейлік белсендімен сұхбат
Сурет: ашық дереккөз

Ол Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп, орталығы ретінде Семей қаласы бекітіледі. Қазірге дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік бөлінісі президенттің бастамасынан кейін 1997 жылға дейінгі қалпына оралатыны белгілі болды. Шығыс Қазақстан облысы құрамынан Абай облысы бөлінгеннен кейін оның құрамына бұрынғы Семей облысының құрамында болған қалалар мен аудандар кірмек. Бұл өзгерісті жергілікті тұрғындар жақсы қабылдады. Сондай-ақ жаңа Абай облысының, Семей қаласының дамуы мен көркеюіне байланысты түрлі жоба ұсынуға дайындықты бастады. Бірі туризм саласын дамытуды қолға алса, енді бірі білім саласын қолға алуға ниетті. Соның бірі «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі әрі ұйымдастырушысы Қуаныш Молдақашев. Ол сұхбат барысында жаңа облыстың қандай болуы қажет екенін айтты.

Қуаныш, Абай облысының құрылуынан жергілікті жастар не күтеді?

Абай облысының құрылуы семейліктер үшін, әсіресе семейлік жастар үшін өте қуанышты жаңалық.  Қаланың түр келбеті, инфрақұрылымы жаңарып, одан бөлек көптеген жұмыс орны ашылады. Қаладан кетіп қалған көптеген жастар оралады. Қазірдің өзі біраз жас азамат қайтып келеміз деп жатыр. Оның бәрі үлкен қуаныш. Өзім жеке екі дүниені Семейдің жаңа облыстың орталығы болатынынан екі күтемін. Біріншісі – қаланың «тарихи қала» деген атауы бар. Абайдың 175 жылдығы кезінде «Семей – тарихи қала»  деген статусқа ие болды. Бұл атаудың сақталғанын қалаймыз. Мысалы, рухани астана ретінде Түркістан қаласын білмейтін қазақстандық жоқ. Қала Түркістан облысының орталығы болғаннан кейін көптеген жаңа ғимараттар салынып жатыр. Алайда барлығына қарасақ, қаланың архитекторлық ерекшелігін сақтап қалуға тырысып жатыр. Түркі халықтары, түркі мәдениеті деген ұстаным байқалады. Оған «Керуен сарайдың» өзі ауқымды мысал бола алады.  Сол сияқты Семейде де облыс орталығы болғаннан кейін жаңа ғимараттар салынды. Жаңа ғимараттың архитектурасы да «тарихи қала» статусына негізделсе деген тілегіміз бар. Төртбұрышты, әйнектен жасалған ғимараттарға қарағанда, әкімшілік ғимараттар, сауда үйлері, бизнес орталықтардың бәрі бір стильде болса деген ұсыныс бар. Қазір тарихи ғимараттар бар. Соларды пайдалануға бергеннің өзінде бұрынғы кейпін сақтап қалуы керек. Бұл болмысты сақтап қалуға көмектеседі. Алаштың астанасы – Семей дегенде Абайдың, Шәкірім мен Мұхтар Әуезов туған өлкенің сезіліп, көрініп тұруы маңызды. Түрлі бағыттағы ілінген жарнама қағаздарында да бір ұлттық белгі тұруы керек. Еуропаның тарихи қалалары қандай да өзіндік ерекшелікпен белгілі, сол арқылы көрініп тұрады. Жаңа салынатын ғимарат пен жөндеуден өтетін ғимараттар бір стильде болғаны жөн. Мұны қазір семейлік жастардың басым бөлігі айтып жүр. Семей ерекшелігі бар қала, алдымен, ұлылар мекені, екіншіден рухани қала. Қаланың келбеті де соған сай болуы қажет.

Ойыңызда жүрген екінші бағыт қандай?

Екіншісі де өте маңызды. Семей білімді адамдар шыққан жер, алашордалықтардың басын қосқан жер. Тарихтан бұл мекеннен әр саланың дамуына үлес қосқан адамдар шыққаны белгілі. Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев, Шәкірім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, әнші Әсет Найманбайұлы, кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетінің өкілдері Әди Шарипов, Әзілхан Нұршайықов, алаш арыстарының соңғы тұяғы Қайым Мұхаметханов та осы топырақтан. Ақын-жазушы, педагогтер туған жер ретінде белгілі. Жалпы Семейдің интеллектуалды орта ретінде қалыптасқанын қалар едік. Жастар бұл бастаманы сөзімізге құлақ асар ортада айтып та жүрміз. Осы бағытта жұмыс басталды, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қоры құрылып, жұмыс жалғасып жатыр. Жұмыс істеп тұрғанына 2-3 жыл болды. Жастарды да осы бағыттағы жұмыстарға белсене араластыру аса маңызды. Қазірдің өзі Семейде дебаттар ұйымдастырылып келеді. Келешекте осындай білімді жастардың ортасы, орталығы болғанын қалаймыз. Жастар осы тараптан көбірек көрсетсе және соған барлық жағдайды жасаса деген тілек бар. Семейде білімді жастар өте көп. Министрлік, әртүрлі облыс, қалаларда әкімшілікте, жеке кәсіпте, медиа саласында өздерін танытып жүр. Талантты жастардың тағы да шығуына, олардың жиған-терген білімі мен тәжірибесін Семейдің болашағы үшін қолданып, жаңа облыстың гүлденуі үшін пайдаланғаны игі.

Бұл сала дамуы үшін не қажет?

Семей жаңа облыстың орталығы болғаннан кейін көптеген жаңа жоба қолға алынары сөзсіз. Соның арасында жастардың интеллектуалды білімін жетілдіретін жобалардың да шет қалып қоймай, нақты нәтиже көрсететін жобалар бекітілуі керек. Ал оны жүзеге асыруға әрине қаражат қажет. Осы тұста әкімшілік, жергілікті кәсіпкерлер бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып осы саланың дамуына үлес қосу мақсатында жастарды қолдаса, құба-құп. Одан бөлек бізде қоғам белсенділері де бар. Олар да біздің жастардың интеллектуалды білімін қалыптастыруға бағытталған жобамызды қолдары сөзсіз. Осылайша Семей алаштың ордасы, интеллектуалды адамдардың ордасы деген атына сай болады.

Жаңа облыс құрылуына байланысты артып отырған үміт көп. Бірқатар адам жұмыспен қамтылады. Бұл жаңа облысқа қазақтың бас ақыны атанған Абай Құнанбайұлының атын берудің де тарихи әрі рухани маңызы зор. Абай екі түрлі мағынада есте қалады. Бірі – руханият. Екіншісі – білім-ғылым теруші, интеллектуалды қабілеті қарымды адам. Семейді де адамдары солай қабылдайды. Өңірдің сыртқы келбеті мен адамдары да соған сай болуы керек. Бұл салаға көңіл бөлу деген әкімшілік тарапынан қаржыландыру бөлу ғана емес, бұған семейліктер, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, жастар – бәрі бірігуі керек. Тіпті республикалық деңгейге шығарса, жаңа облыс сонысымен ерекше әрі құнды болады.

Ал облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайына байланысты қандай даму болады деп ойлайсыз?

Жұмыс орындарының ашылуы халықтың әлеуметтік жағдайына жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Сонымен қоса аймақтық тұрғын үй бағдарламалары жасалынса өте жақсы болар еді. Әсіресе жастарға арналған бағдарлама біздің аймақта жоқ. Осы бағыт бойынша қазір ұсыныстар айтылып жатыр. Сол орындалса өте жақсы болар еді. Ең бастысы бағаны бақылау маңызды. Себебі бағаның өсіп кетуі тұрғындардың тұрғын үй алу кезінде қиындықтар тудырады. Алматы, елордада бірнеше жылдан бері жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Биылдан бастап бұл бастама Жамбыл облысы жастары үшін жалғасты. Енді жаңа облыстың басшылығына келетін азаматтар да осындай бастаманы қолға алса, біріншіден жергілікті жастар баспаналы болады, екіншіден өңірдің дамуына үлес қосамын деп облысқа оралған жастардың баспана мәселесімен бетпе-бет келуіне жол бермейді. Алайда тұрғын үй нарығы құбылып тұр, сол себепті бағаны бірқалыпты ұстап тұруға бақылау жасалғаны жөн.

#Жаңа облыстың агломерациясы

Жаңа Абай облысының құрамында облыстық маңызы бар екі қала Семей және Курчатов қалады. Сондай-ақ 8 аудан да жаңа облыстың құрамында болады. Олар: Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар. Мұның ішінде Ақсуат ауданы Тарбағатай ауданынан бөлінеді. Ал Көкпекті ауданы Самар ауданына кірмейтін болады.

Шығыс Қазақстан облысында облыстық маңызы бар екі қала Өскемен, Риддер қаласы қалады. Бұл облыстың ішінде 9 аудан болады. Олар: Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар (Көкпектіден бөлінеді), Тарбағатай (Ақсуат құрамында болмайды), Ұлан, Шемонаиха.

Абай облысының ауданы – 185,5 мың шаршы шақырым, ШҚО ауданы – 97,8 мың шаршы шақырым болып бекітіледі.

Қазірге дейін жаңа облысты кім басқаратыны хабарланбады. Дей тұрғанмен жаңа облыстың құрылуы өңірдегі инфрақұрылымның дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының өсуіне, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізеді деп болжанады.

Жаңа облыстарды құру туралы Жарлыққа қол қойылғаннан кейін жаңа облыстардың әкімдері тағайындалады. Одан әрі жұмысты қазірдің өзінде қайта құрылып жатқан облыстардың әкімдерімен бірлесіп жаңа әкімдер жүргізеді. Содан кейін 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде келесі жылға қажетті қаражат бөлінеді. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, қажет болған жағдайда ақша үкімет резервінен бөлінеді. Алайда қазірге дейін шамамен қанша қаражат бөлінетіні туралы ақпарат жоқ.