Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Абай облысының құрылуы өңірдегі туризмді дамытуға тың серпін береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы жолдауында елімізде тағы екі облыс құрылатынын мәлімдеді. Оның бірі Шығыс Қазақстан облысында Абай облысы болса, екіншісі Алматы облысы екіге бөлініп, Алматы және Жетісу облысы болып қалыптасады. Соған байланысты жергілікті тұрғындардың бұл өзгерістен не күтетінін білдік.

#Президент бастамасын қос қолдап қолдаймыз

Абай облысының құрылуы өңірдегі туризмді дамытуға тың серпін береді
Сурет: ашық дереккөз

Жергілікті тұрғын Думан Кенжеғазиннің айтуынша, президенттің бұл бастамасын Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары ерекше тебіреніспен қабылдап, қолдады.

«Абай облысының құрылуы, Өскемен қаласының жаңа облыстың орталығы болатыны туралы президенттің бастамасын біз қос қолдап қолдаймыз. Президент жолдауын тыңдаған кезде қатты қуандық. Енді Абай облысы құрылған соң өзінің жеке бюджеті, жеке құрылымы болады. Сол себепті жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа бағыттар бойынша дами түсетініне сенеміз. Облыстың аумағын абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлініп, жаңа ғимараттар бой көтереді. Соның бәрі ең алдымен тұрғындар үшін жасалады және тұрғындар сол арқылы жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік мекемелер салынып, қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуеті артады. Ең бірінші кезекте Семей рухани туризмнің орталығына айналады. Өйткені ол жерде қасиетті Жидебай, Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың ескерткіші секілді қасиетті орын өте көп», дейді Думан Кенжеғазин.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында туризмнің орталығына айналған Үржар ауданындағы Алакөл де Абай облысына қарайды. Сол арқылы бұл өңірдегі туризм де тың серпіліс алады.

«Шығыста табиғаты көркем жер өте көп. Оның біраз бөлігі жаңа Абай облысының құрамына кіреді. Келешекте барлығы облыстың дамуы үшін пайдаланылады деген ой бар. Балқаштағы өндіріс орындары, Ақтоғай кен байыту орны – Абай облысының дамуына серпін береді. Президент бір сөзінде Семейді тарихи орталық деп атады. Бұл облыстың басты миссиясының бірі Семей қаласының түрленуі болмақ. Алдағы уақытта президенттің сөзіне лайық облыс орталығына айналады деп сенемін», деп қорытындылады жергілікті тұрғын Думан Кенжеғазин.

#Туризмнің дамуына тың серпін береді

Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бауыржан Дүйсенбаевтың айтуынша, президенттің мұндай шешімін облыс тұрғындарының бәрі көптен бері күткен.

«Біз үшін, қала тұрғындары үшін бұл жаңалық қуаныш сыйлады. Өйткені біздің қаламыздың әрбір тұрғыны осындай шешімді көптен бері күтті. Сонымен қатар ұлы ойшыл мен қазақтың ақынының құрметіне жаңа аймақты атау біз үшін үлкен құрмет. Әрине, жаңа мүмкіндіктер, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңа даму болары сөзсіз», дейді ол.

Дүйсенбаев өңірдегі туризм саласына қатысты да ойын айтты.

«Туристік бизнеске келетін болсақ, бұл ішкі туризмді дамытуға жаңа серпін береді, өйткені ол экономиканың басым салаларының бірі болып танылған. Адамдардың қажеттілігі әртүрлі, сондықтан біз біздің өңірде туризмнің әртүрлі түрлерін ұсынамыз: мәдени-танымдық, экологиялық, балалар мен жасөспірімдер, аграрлық туризм және т.б. Өйткені біздің өңірде осы индустрияны дамыту үшін барлық мүмкіндік бар. Бұл экологиялық туризм үшін бірегей қарағай орманы, бұл қасиетті туризм үшін Қоңыр әулие шатқалы, бұл Жидебай кешені деп атап айтуға әсте болады», дейді Бауыржан Дүйсенбаев.

Біздің өңір өзінің терең тарихымен танымал және бұл балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту үшін тікелей сабақ өткізуге мүмкіндік береді.  Әрине, жағажай туризмінің інжу-маржаны – Алакөл көлі. Сондықтан, менің ойымша, біздің өңіріміз тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал болуы үшін барлық мүмкіндіктер бар, деп қорытындылады ол.

Туризм саласында жүрген азаматтар әкімшілік бөліністегі өзгерістер бұл салаға көбірек көңіл бөлуге, оның дамуына және республика ішінде ғана емес, шетелдік азаматтарды тарту үшін де серпін беретініне сенеді. Және сол бағытта ерінбей еңбек етуге дайын. Шығыс Қазақстанда су қоймалары, өзен-көлі, тау шаңғысы спорты альпинизммен қызығатындар үшін де туризм аймағы табылады. Мұнд өзен  бойында балық аулау және жай ғана жаяу туризммен айналысуға болады. Бұқтырма су қоймасы облыстағы туристердің ең сүйікті орнының бірі. Мысалы мұнда ресми деректер бойынша, 2020 жылы курорттар 2019 жылға қарағанда 30 мыңға аз келушілерді қабылдады. Ал биыл коронавирус пандемиясына байланысты шектеу азайған соң, екінші жағынан облысқа ерекше көңіл бөлінгендіктен туристер ағыны көп болады деп болжауға болады. Бұқтырма су қоймасы  Өскеменнен жүз шақырым жерде орналасқан. Бұл жасанды су қоймасының жағалаулары туристерге арналған үйлер, санаторийлер, пансионаттар және сәнді виллалар бар. Жыл сайын туристер үшін қызмет көрсету мен ойын-сауық деңгейі артып келеді. Мұнда балық аулауға болады.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Қуаныш Молдақашев жаңа облысты дамытудың ерешке жолын ұсынды.

«Абай облысының құрылуы семейліктер үшін, әсіресе семейлік жастар үшін өте қуанышты жаңалық.  Қаланың түр келбеті, инфрақұрылымы жаңарып, одан бөлек көптеген жұмыс орны ашылады. Қаладан кетіп қалған көптеген жастар оралады. Қазірдің өзі біраз жас азамат қайтып келеміз деп жатыр. Оның бәрі үлкен қуаныш. Семейдің жаңа облыстың орталығы болғаннан кейін «тарихи қала» деген атауына лайық болғанын қалаймын. Абайдың 175 жылдығы кезінде «Семей – тарихи қала»  деген статусқа ие болды. Бұл атаудың сақталғанын қалаймыз. Мысалы, рухани астана ретінде Түркістан қаласын білмейтін қазақстандық жоқ. Қала Түркістан облысының орталығы болғаннан кейін көптеген жаңа ғимараттар салынып жатыр. Алайда барлығына қарасақ, қаланың архитекторлық ерекшелігін сақтап қалуға тырысып жатыр. Түркі халықтары, түркі мәдениеті деген ұстаным байқалады. Оған «Керуен сарайдың» өзі ауқымды мысал бола алады.  Сол сияқты Семейде де облыс орталығы болғаннан кейін жаңа ғимараттар салынды. Жаңа ғимараттың архитектурасы да «тарихи қала» статусына негізделсе деген тілегіміз бар», дейді Қуаныш.

Айтуынша, Семейдегі әкімшілік ғимараттар, сауда үйлері, бизнес орталықтардың бәрі бір стильде болғаны жөн.

Облыстың әкімшілік бөлінісі

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік бөлінісі президенттің бастамасынан кейін 1997 жылға дейінгі қалпына оралады. Шығыс Қазақстан облысы құрамынан Абай облысы бөлінгеннен кейін оның құрамына бұрынғы Семей облысының құрамында болған қалалар мен аудандар кіреді.

Олардың ішінде облыстық маңызы бар екі қала Семей және Курчатов қаласы бар. Сондай-ақ 8 аудан да жаңа облыстың құрамында қалады. Олар: Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар. Мұның ішінде Ақсуат ауданы Тарбағатай ауданынан бөлінеді. Ал Көкпекті ауданы Самар ауданына кірмейтін болады.

Ал Шығыс Қазақстан облысында облыстық маңызы бар екі қала Өскемен, Риддер қаласы қалады. Бұл облыстың ішінде 9 аудан болады. Олар: Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар (Көкпектіден бөлінеді), Тарбағатай (Ақсуат құрамында болмайды), Ұлан, Шемонаиха.

Абай облысының ауданы – 185,5 мың шаршы шақырым, ШҚО ауданы – 97,8 мың шаршы шақырым болып бекітіледі.

Айта кетейік, 16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы құрылатынын айтты, оның орталығы Семей қаласы болмақ. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, Қазақстанның жаңа үш облысы 1 шілдеге дейін бөлінеді. Дәл осы уақытқа дейін құзыретті органдар облыстардың бюджетін бөледі, сонымен қатар өңірлердің шекарасы нақты бекітіледі. Облыстарды бөлу кезіндегі қаржы мәселесі де қаралады. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, облыстарды құру жұмысы 1 шілдеге қарай аяқталады. Саяси шешімдердің басым бөлігі сәуірдің аяғында дейін қабылданады. Сол себепті қаржыландыру кешірек болады.

Үш жылға нақтыланған бюджетте жаңа өңірлерге қаржы қарастырылмаған.

Министрліктің хабарлауынша, бюджетте облыстарды бөлуге ақша көзделмеген, қазір әкімшілік процедуралар жүріп жатыр. Бізде бюджет бөлуге қатысты бірнеше нұсқа бар – бюджетті нақтылау немесе бюджетті түзету.