Жезқазғандағы жоғарғы медицина колледжінде куратор студенттерді балағаттаған, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Онымен қоймай ақша жинап келген.
Сонымен қатар қаладағы мектептің бірінде мұғалімдер балалардың бағасын төмендету арқылы ақылы білім алуға итермелеген. Қазір бұған қатысты тексеру жұмыстары басталды.
"Ата-ана мұғалім баланың бағасын төмендету арқылы ақылы қосымша сабақтарға баруға мәжбүрлемек болды деп шағымданып отыр. Яғни репетитор алуға итермелеу арқылы осындай жолмен ата-анаға қосымша шығын келтіреді. Бұған жол берілмейді. Сондықтан құзыретті орындар тексеріп жатыр", - деді Қарағанды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы Бауыржан Құсайынов.
Сонымен қатар ведомство өңірде кәсіпкерлікпен айналысқан 14 мектеп пен колледж басшыларын анықтаған. Ал жемқорлыққа жол берген 16 мемлекеттік мекеменің жетекшілері қатаң сөгіс алып отыр. Бұдан бөлек 6 мұғалімнің ұлттық біліктілік тестілеу қортындысы бойынша алған сертификаты жалған болып шыққан. Жалпы өңірде "ақша жинады" деген күдікке ілінген мұғалімдер аз емес. Соңғы екі аптада бұған ұқсас 9 дерек тіркелген.
"Жөндеу жұмыстарына, мерекелерге, бітіру кештеріне, сыйлыққа деп жиналуға ата-аналар комитеттерінің өзі түрткі болады", - дейді құқық қорғаушылар.