Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылының тұрғындары Бақытбек Қиясов пен Эльвира Әбдіғаппарованың отбасында үшем дүниеге келді. Бұған дейін отанасы өмірге егіз әкелсе, оның алдында тағы үш бала бар, деп хабарлайды Paryz.kz, Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Үшем Әділхан, Әлихан, Нұрлыбек есімдерін иеленді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отбасын құттықтап, нәрестелерге сый-сияпатын жолдаған.
"Менің анам 9 құрсақ көтерген, мен үйдің кенжесімін. Кезінде анамның сыңары туа сала шетінеп кеткен екен, келіншегімнің нағашылары арасында егіздер бар. Сондықтан да былтыр дүниеге егіздер келгенде "тұқымда бар ғой" дескенбіз. Қазір олар аяғын апыл-тапыл басып жүр. Ал мына сәбилердің үшем екенін алғаш білгенде сенер-сенбесімізді білмей қалдық", – деді үй иесі Бақытбек Қиясов.