3 жасар Степан бір айдан астам уақыт дәрігерлердің қарауында болған. Рудныйлық кішкентай пациент ауруханадан үйіне шығарылды, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К.-ға сілтеме жасап.
Денесінің 50 пайызы күйіп қалған бала Қостанай облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне 17 наурызда жатқызылған еді.
"Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін 37 күн күресіп, оннан астам ота жасады. Сондай-ақ, еріктілердің және мейірімді жандардың жан-жақты қолдау-көмегімен баланы аяқтан тұрғыздық", — деп жазды Instagram-парақшасында травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Мирас Елжасов.
Степан жан сақтау бөлімінде жиырма күн жатып, қалған 17 күн палатада ем қабылдаған.
Бұған дейін жазғанымыздай, рудныйлық 44 жастағы ер адам көрші тұратын балалы әйелдің үйіне келіп, олардың үстіне керосин шашып, өртеп жібермек болды. Бұл жағдай көршілер арасындағы жанжалдан туындаған. Соның салдарынан бала қатты зардап шекті. Ал анасының қолы ғана күйген.
Қаскүнемге Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылды. Оған қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.