Елімізде ұстаздардың біліктілігін дәлелдеуге арналған аттестация уақытша тоқтатылды. Енді оның нақты қай күні қайта басталатыны белгісіз, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К.-ға сілтеме жасап.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сүйенсек, ондағылар техникалық ақауларды ретке келтіру барысында тестілеуді тоқтатпауға барынша тырысқан. Бірақ олқылықты жоюға жұмсаған күш жеткіліксіз болыпты.
"Осыған байланысты 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткізілетін барлық іс-шараларды, оның ішінде білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін, білім беру ұйымдарын бағалау өлшем шарттарын және педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестін кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдауға тура келді", — делінген ҰБТ баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сондай-ақ, біліктілік тестін тапсырудың жаңа уақыты туралы ақпарат келесі аптада хабарланады. Ал техникалық себептерге байланысты аттестацияны аяқтай алмаған мұғалімдердің жауаптары сақталып, әрі қарай тестті жалғастыруға мүмкіндік берілмек.