Қаржы пирамидасының салымшылары бастарына түскен қиыншылыққа блогерлерді емес, Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасарын кінәлады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы салымшылардың бастауымен өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды. Салымшылар істі Ішкі істер министрлігіне беруді сұрады. Өйткені, бір жылға созылған тергеу істеріне көңілі толмайтындарын білдірді.
Ал полицейлер істің аяқталу сатысында екенін айтты.
«Қылмыстық іс бойынша 160-тан астам адам зардап шегуші ретінде тіркелген. 14 күдікті ұсталған. 10 адам қамауға алынған. Екеуі халықаралық іздеуде, тағы екеуінің бас бостандығы шектелген», – делінген Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.
Бұл іске Төребаевтан бөлек тағы бірнеше блогер күдікті ретінде танылып отыр. Олардың арасында Әзімжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Тергеушілердің айтуынша, олар да қаржылық пирамиданы басқарып, жарнамалаған.
Өз кезегінде, 10 күнге қамауға алынған қазақстандық вайнер Мейіржан Төребаев өзін мойындату үшін қамауға алғанын мәлімдеп, хат жолдады.
«Мен, Төребаев Мейіржан, өзімнің қаржы пирамидасына қатысым жоқ екенін айтқым келеді. Мені 10 күнге қамауға алғандарына барлығы (изолятордағылар) таң қалып жатыр. Бұл нақты дәлелдердің болмауына байланысты деп ойлаймын. Білетін адамдар мұны мені мойындату үшін жасады дейді. Олай емес деп үміттенемін, нәтижесін 10 күннен кейін көреміз», - деді Түребаев адвокаты Ерлан Макеновтен беріп жіберген хатында.
Адвокат айтуынша, вайнердің өзі хатты жариялауды өтінген.
«Төребаев Мейіржан кінәлі емес! Бүгін Алматыда зардап шеккендердің баспасөз мәслихатында жәбірленушілер, соның ішінде жәбірленуші Досмаилова Бағила да осылай дейді. Жәбірленушілердің пікірінше, вайнерлерді қаржылық пирамида құрды деп айыптау – Алматы қалалық ІІД (Полиция департаменті – ҚазТАГ) қызметкерлерінің идеясы», - деді Мәкенов.