Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов біліктілік тестін тапсыруға келіп, емтихан кезінде көз жұмған мұғалімінің қазасына қатысты мәлімдеме жасады. Алматыда болған қайғылы оқиғадан кейін мұғалімдер өзінің наразылығын білдіріп, бір тобы тіпті тест тапсырудан бас тартып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап.
14 сәуір күні Алматыда біліктілік тестін тапсыру кезінде мұғалім қайтыс болған еді. Осы қайғылы оқиға қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пікір білдірді.
Қайғылы оқиға туралы білгенде ұстаздың туыстарына хабарластық, көңіл айтып, мән-жайды білдік. Олардың айтуынша, ол өзін жайсыз сезінген, десе де тест тапсыруға өзі ниет білдірген,
— деді министр.
Асхат Аймағамбетов айтуынша, бұл мұғалімге емтиханды тапсыру міндетті емес еді, бірақ ол өзінің біліктілігін дәлелдеу үшін тест тапсыруға өзі шешім қабылдаған.
Біліктілік тесті кеңес заманынан келе жатқан тәжірибе. Бірақ 2018 жылға дейін мұғалімдер 1 папкаға құжат жинап, өзінің деңгейін дәлелдесе, енді 2 кезеңнен тұратын тест тапсыруы қажет. Бұл кей адамдарға ұнамауы мүмкін, алайда бұл қажетті жұмыс,
— деді министр.
Оның айтуынша, зейнетақыға 10-15 жыл қалған ұстаздар да тестті тапсыру арқылы өзінің біліктілігін дәлелдеп отыруы керек.
Бұл тест міндетті емес екенін баса айтамын. Тестті тапсырмаған мұғалім мектепте ары қарай, еш кедергісіз жұмыс істей береді. Бұл, бірінші кезекте, өз біліктілігін дәлелдеп, кәсібилігін көрсеткен мұғалімдердің ынтасын артырудың құралы,
— деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бұл тест 5 жылда 1 рет тапсырылады. Одан сәтті өткен ұстаздар айлығынан бөлек, 30-50 пайыз үстемақы алады.