Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Енді заңсыз такси болғандар айыппұл арқалайды

Жолаушылар тасымалы ережесін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен шұғылданатындардан 40 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған, 10 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Енді заңсыз такси болғандар айыппұл арқалайды
фото: ашық дереккөз

Заңсыз такси болып жүргендерді тыюға шенеуніктердің шамасы жетпей жатыр. Жолаушылар тасымалын қадағалауды мойнына алған көлік комитеті бір жыл бұрын қабылдаған бағдарламаларын 2025 жылға дейін ұзартуға мәжбүр болды. Ал жолаушы тасып, ақша тауып жүргендердің айлық кірісі ең төменгі жалақы мөлшерінен аспаса, оларға салық төлемесе де болады, деп хабарлады КТК телеарнасы.

"Егер де олардың айлық табысы 42 500 теңге, яғни ең төменгі жалақыдан аспайтын болса, бұл сомаға салық салынбайды. Демек, олар жеке тұлға ретінде осы қызметті ары қарай атқара алады. Бірақ, егер де 42 500 теңгеден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер, яғни ИП ретінде тіркелу керек. Сонымен қатар, патент бойынша немесе басқа да салықтық режимді таңдап, сол бойынша ары қарай өзінің кәсібін жүргізе алады", - деді Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.

Міне, осы тұста Қаржы министрлігіндегілердің басы қатады. Енді Кірістер комитеті тұрақты түрде жол-жөнекей адам ала кететіндердің айлық кірісін есептеп тұратын амал табуға тырысып жатыр.

Басты мақсат – ондай жүргізушілерді кәсіпкер ретінде тіркеп, салығын төлетіп, бюджетке ақша түсіру. Себебі, биылғы пандемия кесірінен мемлекет қазынасы 1 триллион теңгеден астам қаржыдан қағылып еді. Ішкі істер министрлігі такси қызметін көлеңкелі бизнеске айналдырғандарды тезге сала алмағандықтан, бұл саланы бақылау міндеті бір жыл бұрын Көлік комитетіне көшті. Аталмыш комитет осы аралықта қарап жатпай, арнайы жол картасын қабылдапты. Соның аясында жолаушылар тасымалы ережесін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен шұғылданатындардан 40 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған, 10 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Айтпақшы, енді Ішкі істер министрлігінің рұқсатынсыз рейдке шыға беретін комитет пандемия уақытында шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийге де қарамайды.

"Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған 3 жылдық шектеу Көлік комитетінің жұмысында қарастырылмаған. Біздің қызметкерлер арнайы бекеттерде, жол бойында жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерді тексере береді. Еш рұқсатсыз жолаушылар тасымалымен айналысқандарға 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейін айыппұл салынады", - деді ИИДМ Көлік комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Маралбаев.