Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге берілген үйлердің сапасы нашар

Жалпы, Аққайың ауданында былтыр 32 үй салынды. Жергілікті билік биыл олардың 10-ында кемшіліктер шыққанын растады.

Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге берілген үйлердің сапасы нашар
фото: inbusiness.kz

Оңтүстіктен солтүстікке "Еңбек" бағдарламасымен көшіп келгендер қыс келмей жатып тоңып отыр. Айтуларынша, берілген су жаңа үйлер сапасыз. Мәселенің бар екенін әкімдіктегілер де мойындайды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Алмас Өтеген отбасымен бірге Түркістаннан теріскейге осыдан үш ай бұрын қоныс аударыпты. Еңбек бағдарламасы аясында грант алып, кәсібін дөңгелетуді көздеген. Жас отбасыға Астраханка ауылындағы жаңа үйден баспана да бұйырған. Ай сайын небәрі 5,5 мың теңгенің шамасында төлеп жүр. Алайда, қара суық келгелі берекесі қашты. Пешті үздіксіз жақпаса, жылыну мүмкін емес дейді.

"Пеш жаққан кезінде 10 градустан әрі көтеріледі. Бірақ өшсе болды, бірден суып кетеді. Утепленка жоқ. Ішінде, сыртында, төбеде де, астында да. Бізді алып келіп, қойып қойды. Біз енді еңбек етеміз бе, әлде осы тамды саламыз ба? Міне, қараңыздар, балам іште жатыр, туалеттің қасында", - деп налыды ол.

Алмастың көршісі Нұрлан Ибраимовтың да жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Ол былтыр көшіп келген. Содан бері қылауы түспеген баспананың жыртығын жамап келе жатқанын жеткізді.

"Кеше бес шелек көмірді түнгі екіге дейін жақтым. Мұндай жағыспен үйдің іші монша болу керек. Жылудың бәрі ауаға кетіп жатыр. 12 куб ағаш алдым, бес тонна көмірге расчет жасадым. Бірақ, бұл жағыспен жарты қысқа жете алмаймын мен", - дейді ол.

Қоныстанушылар берілген үйлер сапасыз салынған деп отыр. Тіпті, үйінді астында қаламыз ба деп те қауіптенеді. Жалпы, Аққайың ауданында былтыр 32 үй салынды. Жергілікті билік биыл олардың 10-ында кемшіліктер шыққанын растады.

"Тұрғындардың су және кәріз жүйелеріне қатысты мәселелері туындады. Оларды шештік. Жаңа пеш орнаттық. Бұл үйлерге мердігер әлі де жауапты. Ертең құрылысшылар келіп, жағдайды бағалайды. Егер тағы олқылықтар табылса, оларды міндетті түрде жояды", - деп отыр СҚО Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Самат Сәрсенбаев.

Оңтүстіктен қоныстанғандар жергілікті шенеуніктердің берген уәдені орындауын күтуден басқа амал жоқ. Алайда нәтиже шықпаса, кері қайтуға бекініп отыр.

Жалпы, аталған бағдарлама аясында Аққайың ауданына 52 отбасы көшіп келсе, биыл қоныс аударғандар саны 2 есе азайған.