Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Кептелістен шаршаған көлік жүргізушілері «автобус жолын» сұрауда

Кептелістен ығыр болған жұрт асыққанда автобус жолына түсіп кетеді. Сосын айыппұл төлейді, деп хабарлайды Paryz.kz, «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

Кептелістен шаршаған көлік жүргізушілері «автобус жолын» сұрауда
Сурет: ашық дереккөз

Осы себепті онсыз да жетпей жатқан жолды тарылтқан билікке өкпелеп талай адам шағымданған. Соған орай Нұр-сұлтан қаласының әкімдігі сауалнама жүргізіп, көптің пікірін білген әрі бұл жобаны қанша адам қолдап, қанша адам қолдамайтынын да анықтады.

Автобус жолағына жолай қалған жеке көлік жүргізушілері айыппұл төлеуден шаршадық, дейді. Олар таңғы және кешкі қарбалас уақыттан тыс кезде, сондай-ақ демалыс күндері бас лэйнмен жүруге рұқсат берілгенін қалайды.

Қала әкімдігі сайтында жүргізілген онлайн сауалнамада бұл бастамамен келіспейтіндердің саны басымырақ болды, 58 процент. Ал қолдаушылар саны сәйкесінше 42 процент. Жеңіл көліктердің емес, габаритті автобустардың, жедел жәрдем және өрт сөндіру техникасының кептелісте тұрғаны нағыз коллапс тудырады. Қоғамдық көліктер аялдамаға кешігіп жетеді. Жолаушылар наразылығы туады, дейді CTS өкілдері.

Жарайды, бас лэйнді берсек, 500 машина өтсе, қаншама адам өтеді. Былай есептесек бір 250 адам өтер. Ал бір автобустың өзінде 150 адам, 5 автобус өтсе, 1 мың адамдай өте алады. Қарапайым жолаушылардың қамын ойлау керек. Автобустағы жолаушылардың бәрі жеке көлікке мінсе, кептелістен шыға алмаймыз, - деді CTS көлік компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Алдағы уақытта жеңілдетілген несие арқылы көлік сатып алушылардың қатары артатынын ескерсек, бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсері сөзсіз. Сондықтан басымдық қай кезде де көпшілікке берілуі керек, дейді жол сақшылары. Өйткені елордада автобустардан басқа қоғамдық көлік жоқ және жуырда болмайтыны бесенеден белгілі.

Айта кеткен жөн, бас лейн бас шаһардағы 30-ға жуық көшеде бар. Оның жалпы ұзындығы 73 шақырымнан асады. Жыл басынан 10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, жалпы 52 млн 373 мың тг көлемінде айыппұл салынды.