Соңғы жылдары біздің елде алкогольге құмартқан тұрғындардың саны күрт өскен. Ішімдікке жақын елдердің ішінде қазақстандық ерлер 11 орынды еншілесе, әйелдер қауымы 19 сатыға жайғасқан, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Бұл рейтинг 182 мемлекет арасында анықталған. Қазақстанда ерлердің алкольге тәуелділік деңгейі 9,52 пайыз, әйелдердің құштарлығы 1,48 пайыз болған.
Ащы суға құмар ер азаматтар арасында Ресей, Венгрия, Литва мемлекетінің тұрғындары көш бастаса, Австралия, Колумбия, Ресейдегі қыз-келіншектер де алдыңғы қатарда екен.
Әлемдік сарапшылардың айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының алкогольдік өнімдер сегментінде арақ өндірісі бір жылда 60,3 пайызға өсіп, 5,7 млн литрге жеткен. Коньяк өндірісі де — 6,3 пайызға, 1,8 млн литрге дейін артқан. Шарап өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеп, 2,7 миллион литрге дейін азайса, сыра — 2,5 пайызға, 91,1 млн литрге дейін төмендеген.
Айта кетейік, коньяк пен жүзім шарабы өндірісінің ең үлкен көлемі Алматы облысына, арақ — Ақмола облысына, сыра — Алматыға тиесілі.