Алматы облысында сатып алынатын тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын негізсіз көтеру фактілері анықталды. Бұл туралы өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алуларға жүйелі түрде мониторинг жасап отырады. Мәселен, ведомство қызметкерлері Ақсу ауданы әкімінің аппараты 26 млн теңгеге сыйлық жиынтығын сатып алуды жоспарлағанын анықтаған.
Бірақ дер кезінде әрекет етудің арқасында қаражат көлемі қайта қаралған. Сонымен қатар мемлекет басшысының 3 жыл мерзімге кеңсе жиһазын сатып алуға тыйым салу туралы бұйрығына қарамастан, Талғар аудандық білім бөлімі 39 млн теңгеге 6 жиһаз сатып алмақ болған. Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдың бірінші тоқсанында берілген ұсыныстардан кейін мемлекеттік сатып алу көлемін 675 миллион теңгеден астам сомаға қысқарту мүмкін болғанын атап өтті. Еске сала кетсек, бұған дейін "Петропавл қаласының әлеуметтік бейімдеу орталығы" КММ 17 776 750 теңгеге бір келі макарон сатып алуды жоспарлағанын жазған едік. Сондай-ақ Түркістан облысында шенеуніктер бір принтерді 9 млн теңгеден сатып алмақ болған еді.