Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Түркістан облысындағы шағын және орта бизнес саны 144 мыңға жуықтады

Түркістан облысында қазір 144 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Кейінгі үш жылда олардың саны 17 мыңға артқан. Өндірілген өнім 1,6 есеге ұлғайды. Құны 400 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 22%-ке жетті. Қазір облыс Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін кәсіпкерлік саласында үштікке енеді. Бір жылда облыстағы кәсіпкерлер «Қолдау» бағдарламасы аясында 2,82 миллиард теңгеге несие алып, ісін дөңгелетіп отыр.

Түркістан облысындағы шағын және орта бизнес саны 144 мыңға жуықтады
Пресс-служба акима Туркестанской области

Сондай-ақ 42 миллиард теңгеге теңгеге 310 жоба мақұлданып, жобалар саны бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Бұл Түркістан өңірінің бір жылдағы шағын және орта бизнестегі жетістігі.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қаржыландыру көлемі 2,8 есе артқан. Оның басым бөлігі Түркістан облысының жергілікті бюджеті есебінен бөлінді.

 

Өңір әлеуметтік салада да жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, тәуелсіздік алған уақыттан бері облыста табысы төмен халықтың үлесі 60%-тен 10%-ке дейін қысқарған. Облыс әкімдігі қазір еңбекке ынталандыру саясатына бет бұрған. Осылайша жұмыссыздық қазір 5%-ке дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш жастар арасында 4%-ті көрсетеді.

Облыста «Еңбек» бағдарламасы да жақсы нәтиже беріп отыр – сексен мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде екі мыңнан астам ерекшелігі бар азамат бар. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 58 жоба іске асқан, мыңнан көп жұмыс орны ашылды.

Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, отыз жылда 8 мың шақырымнан аса автокөлік жолы салынды. 71 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарынан өткізілді. Ал қазір жақсы және орташа жағдайдағы жолдардың үлесі 87%-ке жеткен.

Қазір оңтүстік өңірде 240 елді мекен газға қосылған, алда тағы 290 елді мекенді газға қосу жоспарланған.

 

Қазір ел үшін өзекті мәселенің бірі – пандемиядан кейінгі ел экономикасын көтеру. Бұл бағытта былтыр Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қалыпты деңгейде сақталған. Мысалы, кейінгі үш жылда облыс экономикасына құйылған инвестиция 1 трлн 400 млрд теңгені құраған. Бұл салыстырмалы түрде бес есе өскен. Жалпы Түркістан облысы құрылғалы құны 396 млрд теңгеге 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 114 инвестициялық жоба іске қосылған.

2018 жылы облыс орталығы ауысқан кезде өнеркәсіптің барлық түрі Шымкент қаласында қалған. Сондықтан қазір облыстың басты мақсаты – соның орнын толтыру, өнеркәсіпті жандандыру. Өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жеке инвестиция тарту мәселесіне көңіл бөлінбек. Қазір іске асып жатқан жобаның бірі – «Састөбе» химиялық кешені. Жобаның құны – 136 миллиард теңге. Жоспар бойынша зауыт салынып біткен соң мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Тағы бір жоба – мұнай өңдеу зауыты. Нәтижесінде 650 адам жұмысқа орналасады. Кезекті жоба – фосфор кенін өңдеу зауыты. Мұнда да мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Аталған үш зауыт 2022-2023 жылдары салынып бітеді. Сондай-ақ 62 миллиард теңгеге орта деңгейдегі бес мыңнан астам кәсіпорын ашылып жатыр.

 

Ауыл шаруашылығында бір жылда облыста 805 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Егістік те әртараптандырылып жатыр. Суды көп қажет ететін күріш пен мақтаның көлемі қысқарып, көкөніс, бақша, картоп өнімі кеңейіп жатыр. Өндіріс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 500 тоннаға артқан. Осылайша 2021 жылы өндіріс көлемі бойынша рекорд орнатылды – 300 мың тонна өнім жиналды. Жылыжай да кеңейіп жатыр, оның аумағы 1400 гектарға жеткен. Бұл республика бойынша 71%-ті құрайды.

Республика бойынша суармалы жерлердің үштен бір бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Ағын суды тиімді пйдалану мақсатында ылғал өндіру технологиясы жолға қойылған. Қазір облыста төрт мың гектарға жаңбырлатып суару, 25 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізілген.

Былтыр облыста құрылыс жұмыстарының құны 250 миллиард теңгеге жеткен. «Нұрлы жол» бағдарламасы бұл бағытта үлкен қарқын берді, былтырдың өзі 800 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Түркістанның өзінде 250 үйдің құрылысы жүргізілсе, оның қырықтан астамы пайдалануға берілді. Нәтижесінде 500-ден астам көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы баспаналы болды. Екі мыңнан астам отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтерлі болды.

 

Білім саласына келсек, облыста тоғыз мыңнан астам мектеп бар. Ол жерде бес жүз мыңнан астам бала білім алып жатыр. Былтырдың өзі облыс бойынша 78 мектептің құрылысы жүргізілді, осылайша жыл сайын туу көрсеткіші артып келе жатқан өңірде мектептерде орын тапшылығын болдырмаудың алдын алу үшін шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар жыл сайын 108 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысының аударндарында төрт Binom мектебі бой көтермек. Осылайша барлық заманауи технологиямен жабдықталған мектептер оқушылардың лайықты білім алуына жағдай жасайды. Тағы бір қуанышты жаңалық – Түркістан қаласындағы «Дарын» мектебінің құрылысы. Ол жерде 700 оқушы білім алады, 500 адамға арналған жатақханасы болады.

Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Облыс бойынша мыңға жуық мектепте бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың барлығы полицияның жедел басқару орталығына тікелей қосылған.

Түркістанда туризм де қарқынды дамып жатыр, облыста Қазақстанда баламасы жоқ экобазар ашылды. Мұнда мереке күндері ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдегі фермерлер мен аграрлар және жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсына алады.

Экобазар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін құрылған. Бұл өндірушілер өз өнімдерін халыққа делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экобазардың жұмысы жергілікті туризмді дамытуға мүмкіндік береді, өйткені ол автовокзалдың жанында, әуежайға барар жолда орналасқан және туристер өздеріне ұнайтын тауарларды "Turkestan Made" брендімен сатып ала алады.

 

Облыстың медицина саласындағы жетісітігіне келер болсақ, Түркістан облысында бариатикалық хирургияны дамыту жоспары әзірленді. Оған облыстың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастамашы болған. оған Астана медицина университетінің профессоры, Қазақстанның бариатриялық хирургтар қоғамы мүшелері атсалысады.

Облыс жастары спортта үлкен жетістікке жетіп келеді. Жуырда Түркістан облысының 14 спортшысы Азия чемпионатының жүлдегері атанды.  Оның ішінде 5 спортшы алтын, 7 спортшы күміс, 2 спортшы қола алған.

Жасөспірімдер мен ересек жастағы спортшылар арасындағы жарысқа 12 елдің командалары қатысты.

Айта кетері, Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Облыс тұрғындарын жұмыспен қамту, жастардың білім алуына жағдай жасау, шағын және орта бизнестің өркендеуі секілді мәселелер «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін шешімін табады.