Алматыда жолаушылармен бірге автобусқа кірген жылқының иесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Paryz.kz,Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев мәлімдеді. Ер адам өз қателігін мойындады.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің бөлімшенің табиғатты қорғау полициясы бөлімі №12 автобуспен жылқысын тасымалдап келе жатқан Ж. есімді азаматты анықтады. Ол өз қателігін бірден мойындады. Жылқы иесі ҚР ӘҚбК-нің 407-2 бабы 1-бөлігінің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы ретте онымен алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді басқарма басшысы.