Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Мүгедектігі бар Әскербек Мәжіліске кірудің қиындығы жайында айтты

Әскербек Оспанов есімді Шымкент тұрғыны – І топтағы мүгедек, эпилепсиямен ауырады. Ол Шымкенттегі «Шапағат» мүгедектерді оңалту орталығының мәселесін көтеріп елордада жүр, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

Мүгедектігі бар Әскербек Мәжіліске кірудің қиындығы жайында айтты

Айтуынша, мекемедегі 42 қызметкер өзара қырқысып, орталықтың берекесі қашып, жұмысына кедергі келе бастаған. Осылайша, Шымкент тұрғыны қала әкімдігі мәселені шешіп бере алмағандықтан, оңалту орталығындағы кикілжіңді билікке жеткізу үшін арнайы Нұр-Сұлтан қаласына келген.

Шымкент тұрғынының елордаға келгеніне 11 күн өтіпті, бірақ мәселесін жеткізу үшін әлі күнге дейін Мәжіліс ғимаратына кіре алмай жүр екен. Тіпті, бастапқыда Әскербек Оспановты полиция ұстап әкетіп, қолындағы балдағын сындырған.

Балдағым жарамсыз болып қалды. Бұл балдақ – менің екінші аяғым. Онсыз жүре алмаймын. Жағдайыма қараған жоқ. Керісінше, мені бірінші күні жерге аунатып, РУВД-ға сүйреп апарды. Бүгін қап-қара киінген үш патруль қол-аяғымды қайырып, сүйреді. Сол жерде құлап та алдым, - дейді мүмкіндігі шектеулі азамат.

Әскербек бір мәрте Мәжіліс депутаты Лариса Павловецтің қабылдауына кірген. Бірақ ол (Лариса – авт.) Әскербектің қазақша айтқан уәжін түсінбей, шағымы сол күйі жауапсыз қалған.

Бүгін де Мәжіліске кіремін деп ниеттенген Әскербектің жолы тағы да ауыр болды, оны күзетшілер ғимаратқа кіргізбей қойды.

Мәжіліске жанайқайын жеткізуге келген Шымкент тұрғындарын қабылдау есігіне дейін алып барамыз деген полиция күзеті жарты жолда оларды тастап кетті. Ашуға булыққан Әскербек күзеттегі қызметшілерді балдағымен сабады.  

Әскербектің өзі І топтағы мүгедек, ал оны сүйемелдеп жүрген әлеуметтік көмекшісі Гүлмира Шынарова ІІІ топтағы мүгедек.

11 күннен бері Мәжіліс ғимаратына бас сұға алмай жүрген Әскербек министрліктер үйін айналып өтіп, діттеген нысанына ақыры кірді. Оны Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қабылдады.