Жамбыл облысы – елімізде айрықша рөлі бар облыс. Өңір баламалы энергия көздері бойынша көш бастап тұр, азық-түлік өндірісі де жолға қойылған. Облыста инвестициялық жобалар да қарқынды түрде жыл сайын жүзеге асып келеді.
Мәселен, 2025 жылға дейін облыста 2,7 триллион теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның ішінде аграрлық-өндірістік кешенге – 50, өңдеу өнеркәсібіне – 31, балық шаруашылығы – 15 және жаңартылған электр көздеріне – 9, туризмге қатысты екі жоба іске асады. Ал 2021 жылы 65,8 миллиард теңгеге 13 жоба іске асқан. Оның ішінде темір бетон бұйымдары зауытын салу, полипропилен шпагатын өндіру желісі, консерві өндірісін ұйымдастыру және көкөніс қоймасын салу, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, жел электр станциясы секілді жобалар бар.
Өңірде іске асқан жобаның бірі – фармацефтика саласының белсенді дамуы. Облыстағы зауытта бір жылда үш миллионға жуық QazVac вакцинасы өндірілді.
Облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылған. Оған әлемдік пандемия кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру себеп болған. 2020 жылы облыста егістік алқабы 721,7 мың гектар болса, былтыр егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғайтылды, осылайша 752 мың гектарға жетті. Сондай-ақ 41 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, көлемі 179,8 мың гектар болды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары 350,4 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 3,6 мың жұмыс орны ашылады. Былтыр мұның ішінде 18 жоба жемісін бере бастады.
Облыс басшылығының жоспарында заманауи қант зауытын салу да бар. Мұнда жылына 150 мың тонна қант шығару жоспары тұр. Бұл тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, үш жүз адамды жұмыспен қамтиды. Кәсіпорын 2023 жылы іске қосылады.
Жамбылдықтар шетелдік инвесторлармен бірге де жұмыс істейді. Соның бірі – түркиялық «Гокнур Гида» ЖШС. Жобаның құны – 42 миллиард теңге. Нәтижесінде 1 300 гектар жерге қарқынды бақтарды өсіру және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу жобасы іске асады.
Өңірде 800 адамды жұмыспен қамтитын жобаның бірі – бройлер етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы. Облыста фабриканың құрылыс жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бұл жоба жеміс беріп отыр. жобаның жалпы құны – 26,5 миллиард теңге.
2021 жылы 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізілді. Сумен қамту 82,2%-дан 88,7%-ға дейін артады.
Ең бір маңызды мәселе – газдандыру. Былтыр 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылды.
2021 жылды қорытындылаған кезде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыста балық шаруашылығын жүргізуге арналған 142 су қоймасы туралы айтты. Әкімнің сөзінше, форель балықтарын өсіруге арналған 17 тау учаскелері анықталды. Былтыр 363 тоннадан астам балық өндірілді. Балық өндірісін 2025 жылға қарай 3 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деді өңір басшысы.
Бұл жобалар 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы қажет. Оған негіз де бар. Ел үкіметі 2021-2025 жылдар аралығында өңірлердің дамуы үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекітті. Сол бойынша өңір тұрғындарын ауыз сумен, газбен, электр, жылумен толық қамтамасыз ету, тұрғын үй жағдайын жақсарту, жолдардың жақсаруы, халықтың тұрмыс жағдайы мен жұмыспен қамтылуы секілді бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 2021 жылдың өзінше 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Былтыр 76 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, 2022 жылы 44 тұрғын үй тапсырылады, осылайша 2500-ге жуық адам пәтерлі болады.
Былтыр баспанамен қамтамасыз етілген 1079 отбасының 477-і әлеуметтік осал топтан болса, 107-і – жетім балалар, 166-ы – көпбалалы отбасылар, 329-ы – бюджеттік мекеме қызметкерлері.
Жамбыл облысында 2021 жылы автожол саласын дамытуға 12,7 миллиард теңге бөлінді, мемлекеттік бағдарламалар аясында 479,1 шақырым жол салынды, 177,9 шақырым облыстық жолдар, 36,3 шақырым аудандық маңызы бар автожолдар, 264,9 шақырым елді мекен көшелері жөнделді.
Былтыр 191 жоба іске асырылды, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 90%-тен 95%-ке, елді-мекен көшелері 77,2%-тен 79,2%-ке жетті. Сондай-ақ «Тараз-Алматы» бағытына әуе рейстері жандандырылды.
Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап Тараз қаласында «2ГИС» навигаторы іске қосылды. Жобаны «2GIS-Taraz» ЖШС шығарды. 2ГИС мамандары анықтамалықта Тараздың
9 300-нан астам ұйымы туралы ақпарат жинады және картада 73 388 ғимаратты, оның ішінде 1 222 тұрғын үйді белгіленді. 2GIS жобасы аясында 17 жұмыс орны ашылды.
Спорт саласын дамытуға облыста бір жылда 11,7 миллиард теңге қарастырыған. Облыста 2 836 спорт нысаны бар, онда 405,6 мың тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 56,9%-ға жеткізілді. Облыстың алдында бұл деңгейді 51,2%-ға жеткізу межесі тұр.
2021 жылы мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыспен 3700 баланы қамтуға облыстық бюджеттен 388 миллион теңге қарастырылды. Қазір облыс бойынша 11 дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің, 5 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Туризмді дамыту мақсатында Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленген. «Айша бибі» кесенесі және «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында тегін туристік қызмет түрлері ұсынылатын туристік ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, 2021 жылы іске қосылды.
«Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қайта қалпына келтірілді, ол да тұрғындар мен қала қонақтары үшін жұмыс істеп тұр.. Жеке инвестиция есебінен «Қаралма» тау-шаңғы және «Көксай» этно-туристік кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Тараздан басқа картада оның маңайындағы тағы 13 елді мекен картада көрсетілді. Олар: Таңты кенті, Бәйтерек ауылы, Ақбұлым, Бектөбе, Жалпақ төбе, Кемел, Қоңыртөбе, Красная Звезда, Қызылшарық, Пригородное, Талас, Түрксіб және Шайқорық ауылдары.