Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«Су жерге де сіңбейді»: Толассыз жауған жаңбырдан кейін Түркістан облысын су басты

Түркістан облысының Жетісай және Мақтарал аудандарында толассыз жауған жаңбырдан тұрғын үйлерді су басты. Төтенше жағдайды жою үшін арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

«Су жерге де сіңбейді»: Толассыз жауған жаңбырдан кейін Түркістан облысын су басты

Достық ауылының жергілікті тұрғыны Алпысбай Оңдыбаевтың айтуынша, ол өз бетімен ауладағы суды тарта алмайды. Ал ол бір аптадан бері көмек күтуде.

"Резеңке етікпен жүреміз. Қорадағы малдың барлығын суда тұр. Балалар далаға шыға алмай қалды, кеше немерем суға құлап кетті. Көріп қалып, шығарып алмасақ не болары белгісіз", – дейді ол.

Кейбір үйлердің жертөлелерін су басқан. Ауыл тұрғындары бір-біріне суды шығаруға көмектесуде. 

"Су жерге де сіңбейді, арық арқылы да ағып кетпейді, бәрі бақшаға жиналады, не істерімізді білмей отырмыз", - дейді Достық ауылының тұрғыны Зәйіт Тәңірбергенов.

Қазыбек би ауылында 30 шақты үйді су басты.

Жетісай өңірінде төтенше жағдайды жою үшін арнайы штаб құрылды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен жолдар мен көшелердегі суды сорып шығаруда.

"Ең көп су басу жағдайы Жетісай ауданында тіркелген, Жетісайда 36 тұрғын үйді, Мақтаарал ауданында - 12 тұрғын үйді су басқан. Онда 119 құтқарушы жұмыс істеп жатыр, оларда су соруға арналған 44 құрылғы бар", - деді Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Талғат Досалиев.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аудандардағы су бұру жүйесінің басым бөлігі істен шыққан.

"Ауданда 392 тік дренаж құрылғысы бар, қазіргі таңда 82-сі жұмыс істеп тұр. Олардың басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Қазір сатып алу рәсімін жүргізіп жатырмыз,", - деді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов. 

Су басқан аймақтарда сенім телефоны іске қосылып, еріктілер адамдарға көмек көрсетуде. Дегенмен, болжамдар көңіл көншітпейді, алдағы күндері Жетісай мен Мақтарал өңірінде нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде.