Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Маңғыстау облысында әлеуметтік-экономикалық сала қалай дамып жатыр

Маңғыстау облысында ауыз сумен қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі саналады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста тұтыну 154 мың текше метрді құрайды.

Маңғыстау облысында әлеуметтік-экономикалық сала қалай дамып жатыр

Жаз кезінде, мамыр мен қыркүйекке дейін шамамен 51 мың текше метр су жетіспейді. Болжам бойынша 2025 жылдарға қарай бұл тұтыну 250 мың текше метрді құрайды. Су жетіспеушілігін жою бойынша облыста тоғыз жоба іске асып жатыр. Оның екеуі 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында іске қосылады. Оның бірі – Ақтау қаласында орналасқан су тұщыту қондырғысы. Оның жұмысын тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге жеткізу жоспарланған. Екіншісі – Қаражамбас кен орнындағы су тұщыту қондырғысы. Мұнда тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытылады деп жоспарланған, оның ішінде жеті мыңын мұнайшылар өз қажеті алады, ал қалған он мың текше метрді облыстың қажетіне жұмсалады. 


Облыс әкімінің мәлімдеуінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуді тапсырған. Сол себепті ең алдымен осы мәселе шешімін таппақ.


Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету өте өзекті. Ақтау, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларында ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 100%-ы жасақталған. Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету 2020 жылы 92% болса, 2021 жылы 92,2% болды. 
Маңғыстау облысында 59 елді мекен бар, соның 49-сі ауыз сумен қамтылған. 10 елді мекен әзірге орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Қалған он елді мекен биыл жылдың аяғына дейін қамтылады. 


Өңірдің дамуына көмегін тигізіп отырған басты сала – туризм. Осы сала бойынша бес жоба жүргізіліп келеді. Оған Ақтау қаласының Каспий теңізінің жағасында орналасқаны себеп. Облысқа келген туристер саны 2020  жылмен салыстырғанда 2021 жылы үш есе артты. Сәйкесінше, туризмге тартылған инвестиция да өсті. 2020 жылы 72 миллиард теңге бөлінсе, 2021 жылы 190 миллиард теңге тартылды. 
Президент облыс басшылығына халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруды тапсырған. Бұл бағыттың шағын және орта бизнесті дамытпай қол жеткізу мүмкін емес екені анық. Қазір облыста 55 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр, ол жерде 125 мыңнан астам адам қызмет атқарады. Өңірдің жалпы ішкі өнімінде шағын және орта бизнестен түскен түсім 30%-ті құрайды. 


Қазір Маңғыстау облысында азық-түлікпен өзін-өзі тек 20% қамтамасыз етіп отыр. Бұл үлесті арттыру үшін 139 миллиард теңгеге 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мұның ішінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жылыжайлар салу азық-түлікті тиімді жеткізу, сақтауды қамтамасыз ету үшін Ақтау қаласында көтерме базар салу секілді жобалар бар.


Білім беру саласындағы жетістіктерге келсек, былтыр облыста 2 мектеп мемлекет қаржысына бой көтерді. Ол мектептер мыңнан астам баланы қабылдады. 6 жекеменшік іске қосылды. 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ 4 интеллектуалды, заманауи талаптарға сай жекеменшік-мемлекеттік әріптестік бойынша мектептер бой көтереді. Үшеуі Ақтау қаласында, біреуі Жаңаөзен қаласында салынбақ. 
2022-2025 жылдары облыста 14 мектеп салынады және 8 мектепке жапсарлас құрылыс жүргізу жоспарланған. 


Облыста денсаулық сақтау және білім саласында жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы бар. Бұл бағытта облыстың ішкі жобасы бар. Яғни, мамандарды даярлау үшін қаржы бөліп, оқу бітірген соң дайын маманның облысқа оралуына бағытталған.
Маңғыстау облысы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша да жұмыстар жүйелі іске асып келе жатыр. Дей тұрғанмен, соңғы деректер бойынша білім беру саласында 90-нан астам, денсаулық сақтау саласында 200-ден астам маман жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін мамандарды қолдау үшін облыстық бюджеттен және әлеуметтік көмек аясында бір жылда білім саласында 182 маман даярлау үшін 140 миллион теңге бөлген, денсалық саласында 259 маманды даярлауға 220 миллион теңге бөлген. Мамандар білім алғаннан кейін өз жеріне келіп жұмыс істейді. Сол арқылы облыстағы әлеуметтік саладағы маман тапшылығы да жойылады деп жоспарланған.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында да біржолғы көтерме ақы және тұрғын үй алуға несие беру жөніндегі мәселе де шешімін тауып келеді.


Облыстағы өзекті мәселенің бірі – халықты жұмыспен қамту. Бұл үкіметтің «Қуатты өңір – ел дамуының драйзері» ұлттық жобасында да шегелеп көрсетілген. 2021 жылы 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орын ашылды, оның 26 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орны. 


Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жобасы қабылданды. Оның ішінде 214 жоба қарастырылған. Жобалардың шығыны 2 триллион теңгеден асады. Соның ішінде  339 млрд теңге – республикалық бюджеттен, 118 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, қалғаны басқа қаржы көздерінен бөлінеді – кәсіпкерлерден, «Самұрық Қазына» еншілес мекемелері атқаратына жұмысына байланысты бөлінеді.
Бекітілген жобалардың ішінде 48-і өңірдегі тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Содан бөлек экология және әлеуметтік, азаматтық қорғау мәселесі бойынша жобалар бар. Соның нәтижесінде өңірде 60 мың жаңа жұмыс орны құрылады, 750 мың турист келеді деп болжанған.